Баррель бағасы күрт өсе ме: Сарапшылар жаңа сценарийді атады
АҚШ-тың Иранға жасаған соққылары мұнай бағасын $10-20-ға қымбаттатуы мүмкін
Таяу Шығыстағы әскери әрекеттер мұнай нарықтарына елеулі қауіп төндіріп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Yahoo Finance таратқан мәліметке сәйкес, жексенбі күні Brent маркалы мұнайдың мамыр айындағы фьючерстері шамамен 2,9%-ға өсіп, барреліне $72,80 деңгейінен жоғары жабылды.
Қазір нарық күту режимінде. Егер қақтығыстың бәсеңдеу белгілері байқалмаса, мұнай бағасы бір баррель үшін $10-20 аралығында күрт қымбаттауы мүмкін, - дейді Rystad Energy компаниясының геосаяси талдау бөлімінің басшысы Хорхе Леон.
Жауап шараларының ауқымын ескерсек, стратегиялық бастама қазір көбіне Иранның қолында.
Алдағы 24-72 сағат ішінде Тегеран қандай шешім қабылдайтыны, әсіресе энергетикалық инфрақұрылым мен өңірлік теңіз тасымалына қатысты әрекеттері жақын мерзімдегі мұнай нарығының бағытын айқындайтын негізгі фактор болады, - деді Леон.
АҚШ шабуылына жауап ретінде Иран бірден Бахрейн мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі америкалық әскери нысандар мен инфрақұрылымға зымырандар ұшырды. Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі шабуылдардың нысанасы ел астанасы Эр-Рияд пен шығыстағы мұнайға бай провинциялар болғанын мәлімдеді.
Егер Иран Ормуз бұғазының солтүстік бөлігінде мұнай тиеуді тоқтатуға шешім қабылдаса, әлемдік нарық тәулігіне шамамен 20 млн баррель мұнай жеткізілімінен айырылуы мүмкін. Бұл – жаһандық жеткізілімнің бестен бір бөлігі. Tortoise Capital компаниясының аға портфель менеджері Роб Туммелдің айтуынша, "Ормуз бұғазы ұзақ уақытқа жабылатын болса, мұнай бағасы 100 доллардан асып кетеді".
Мұнай бағасының өсуі ықтимал жағдайда ОПЕК+ нарықты тұрақтандыру үшін өндіріс квотасын тәулігіне 220 мың баррельге арттыруға дайындалып жатыр.