18 Тамыз 2026, 18:22 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Бір дана «Барни» жегені үшін күйеуімен жанжалдасып қалған әйел суицид жасады: Тергеу басталды

Меркідегі 19 жастағы әйелдің өлімі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Полиция қылмыстық іс қозғап, асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Әлеуметтік желілерде оқиғаға байланысты түрлі ақпарат тараған. Алайда полиция болған жағдайдың барлық мән-жайы тергеу барысында анықталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабымен – «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу немесе соған ықпал ету» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі толық анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Полиция қызметкерлері тараптардың барлық уәждерін тексеріп, іске қатысты мәліметтерді зерделеуде. Тергеу үшін маңызы бар әрбір дерекке құқықтық баға берілетіні айтылды.

Оқиға бұған дейін әлеуметтік желілерде қызу талқыланған. Кейбір жарияланымдарда марқұмның күйеуімен жанжал болғаны және құрбысына осыған қатысты жазғаны туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жазбаларда әйелдің күйеуі тарапынан зорлық-зомбылық көргені және жанжалдың «Барни» шоколадты бисквитіне қатысты болғаны айтылған.

Әлеуметтік желіден алынған скриншот

Алайда бұл мәліметтер әзірге құқық қорғау органдары тарапынан ресми түрде расталған жоқ. Сондықтан әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты болған оқиғаның нақты себебі ретінде қабылдауға болмайды.

Полиция Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу барысына қатысты өзге ақпараттың жария етілмейтінін хабарлады.

Азаматтарды тергеу амалдары аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға және расталмаған ақпаратты таратпауға шақырамыз, - деп ескертті ведомство.

Тергеу жан-жақты әрі объективті жүргізілуде. Оның барысы Жамбыл облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында.