Барнауыл төрінде қазақ күйлері күмбірледі
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің музыканттары Ресейдің Барнауыл қаласына шығармашылық сапармен барды. Сахна төрінде қазақ, орыс ұлттарының классикалық және дәстүрлі өнер туындылары шырқалды.
Шығармашылық кеш Алтай мәдениет институтының концерттік залында өтті. Павлодар музыкалық әртістерімен бір сахнада Ресейдің халық әртісі, танымал музыкант, композитор Александр Цыганков өнер көрсетті. Шара халықаралық ынтымақтастық шеңберінде ұйымдастырылды.
Айта кетейік, әлемді жайлаған пандемия салдарынан ортақ концерттер үзіліп қалған. Араға екі жыл салып, мәдени байланыс қайта жанданды.
Павлодарлық музыканттар – біздің байырғы достарымыз, әріптестеріміз. Оқу орнымыз ондаған жылдар бойы ынтымақтастығымызды нығайтып келеді. Нұрсұлтан, Ертіс өңірінің шығармашылық ұжымдарымыз байланысымыз үзілмек емес, – дейді Алтай мемлекеттік мәдениет институты музыкалық факультетінің деканы» Нина Крючкова.
Қос елдің музыкалық білім ошақтары академилық мобильділік, тәжірибе алмасу, ортақ шеберлік сабақтарын жүргізіп келеді. Бір сахнада 50-ден астам музыкант шеберліктерін паш етті. Олардың қатарында павлодарлық музыкалық колледждің жас өнерпаздары бар.
Біз облыстық Иса Байзақов атындағы филармониясы және музыкалық колледж-мектеп кешені «Самға» жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба дарынды балаларды қолдап, аға буын өкілдерімен бірге өнер көрсету, тәлім алуға барынша жағдай жасауды көздейді. Жастар кәсіби ұжымдардың концерттеріне қатысу мүмкіндігіне ие, – дейді Павлодар музыкалық колледжінің директоры Серік Сыздықов.
Барнауыл төрінде қазақтың домбырасы, орыстың балалайкасы, гусли, контрабас, баян, аккардион мен ұрмалы аспаптардың үні естілді. Павлодарлық дарынды оқушылар Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», «Махамбет» күйлерін орындап, қазақ өнерін шетелдік тыңдарманға паш етті.