Барлық жерде «әл-Фараби» деп жаза саламыз. Оның аты - Әбу Насыр Мұхаммед – жазушы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы жазушы, драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлы ұлы ғұламаның 1150 жылдығын мерекелеу аясында ашылған «Әл-Фараби әлемі» орталығында айтты.
Әбу Насыр әл-Фарабидің біздің халқымыз үшін ерекше болатын екі қыры бар. Біріншісі – Әбу Насыр әл-Фараби әлем мойындаған, әлемде «Екінші ұстаз» деген атқа ие болған ғұлама ғалым. Ал енді оны «Екінші ұстаз» әлем айтып отыр. Орта Азия, оның ішінде Қазақстан үшін Әбу Насыр әл-Фараби қай уақытта да «Бірінші ұстаз» болып қалуы керек. Біз осыны шегелеуіміз қажет. Жалпы ұлтымыздың, халқымыздың, еліміздің, елдігіміздің «ұстазының ұстазы кім?» десе, Әбу Насыр әл-Фараби деп ұялмай айтуымыз керек. «Бірінші ұстаз» деген сөзді айналымға енгізуіміз керек. Екінші, биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығымен қоса, ұлы Абайдың 175 жылдығын тойлап жатырмыз. Абай көктен түскен жоқ. Абай өзінен-өзі жаратылған жоқ. «Абайдың ар жағында кім бар? Ұстазы кім болады?» деген кезде біз мүдіре беретін едік. Енді қазір емін-еркін Абайдың ұстазы - Әбу Насыр әл-Фараби деп айтуға толық хақылымыз, - деді Жолтай Әлмашұлы.
Оның сөзінше, Маржани деген ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерімен жақсы таныс болған. Маржанидің шәкірттері Семейге келіп, сабақ берген. Сол шәкірттерінен Абай дәріс алған. Демек Абай өз заманында Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерімен таныс болды деп айтуға толық негіз бар дейді.
Сонымен қатар жазушы көп жерде жай ғана «әл-Фараби» деп жаза салу қате екенін айтты.
Біз барлық жерде «әл-Фараби» деп жаза саламыз. Ол оның фамилиясына жалғанған қосымша жалғау. Фарабилік деген сөз. Яғни Таразилік, Отырари деген сияқты. Мүмкіндігінше Әл-Фарабидің қасына есімі Әбу Насырды қосып жазып жүрсек. Оның есімі - Әбу Насыр Мұхаммед. Осыны ескерейік, - деді жазушы.Әбу Насыр әл-Фараби әлем философиясына үлес қосқан ғұлама.
Әбу Насырды жан-жақты тануымыз үшін ғалымдар, жазушылар, жалпы зиялы қауым барынша көп үлес қосуымыз керек. Әбу Насырдың еңбектерінің төрттен бір бөлігін ғана қолымызға ұстап, көзімізбен көріп отырмыз. Қалған 3 бөлігі ше? Дүниежүзінде еңбектерінің аты аталады. Бірақ ол қандай еңбек? Ол қайда бар, қай тілде шыққан? Қай жерде жазған?, - деді Жолтай Әлмашұлы.Әбу Насыр орталығы ашылып жатыр. Біз Әбу Насырға ғылыми орталық ашсақ та, үлкен мекемелер ашсақ та аздық етпейді дейді жазушы.
Орталықтың ашылуына орай Жолтай Әлмашұлы «Әбу Насыр әл-Фараби» атты кітабын тарту етті.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтанда «Әл-Фараби әлемі» оқу-тәрбие орталығы ашылған болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алматыда азық-түлік бағасын тұрақты ұстау үшін 6 кәсіпорын мемлекеттен субсидия алған
Келесі жаңалық
“Жан Шуақ” сыйлығының лауреаттары марапатталды
Өзгелердің жаңалығы