Барлаушы – деген шахматтағы гроссмейстр секілді – әскери қызметкер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қарағанды облысының «Спасск» оқу орталығының базасында халықаралық мерген жұптарының «Алтын үкі – 2019» сайысы басталды.

Биыл Қазақстан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Үндістанның «иненің көзінен оқ өткізетін» мергендері жиналды. Олардың әрқайсысы – өз елдерінде қатарларынан озат атқыштар. Оларды – армияның элитасы десек те болады. Ал қазақ жерінде өтіп жатқан жарыстың мергендер үшін пайдасы орасан. Осындай додалар арқылы әскери қызметкерлер бейбіт күнде өз қарым-қабілеттерін көрсете алады.

Бүгін «Алтын үкі – 2019» сайысының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қатысушыларды Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-майор Мұрат Бектанов қарсы алды.  


«Дәстүрлі бұл жарыс – әскери бірлестікті нығайтуға ықпал етеді. Қазақстанның әскери қызметшілеріне жауынгерлік шеберлікті арттырып, өздерінің кәсіби деңгейін шыңдауға мол мүмкіндік береді. Біз өз кезегімізде қатысушыларға қолайлы жағдай жасауға барынша тырыстық. Сіздерге адал және ымырасыз күрес, әділ төрешілік, жақсылық пен бейбітшілік тілеймін. Қазақстанның қорғаныс министрлігі шетел мемлекеттерімен әскери ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға баса назар аударды. Соның нәтижесі ретінде жарысқа 5 елден 9 команда қатысып, тәжірбие алмасып, достастық қарым-қатынасты нығайтқалы отыр», –деді ол.

Қазақстан қарулы  күштері «Алтын үкі» жарысын 2008 жылдан бері өткізіп келеді. Биыл халықаралық жарысқа 100-ден астам әскери қызметші бақ сынап жатыр.  Сайыс 12 кезеңнен тұрады. Қызу тартыс жауынгерлік жағдайға барынша жақындатылған. Қатысушылар бір тапсырманың элементтерін кезең-кезеңмен орындайды: топ дайындығынан жауынгерлік тапсырмаға және эвакуациялауға дейін. Арнайы бөлімшелер жау тылында жүріп-тұруды, жауды табу, барлау және қарсы жақты саптан шығару кезіндегі іс-қимылдарды, топ құрамында жауынгерлік атыстар мен эвакуациялау ауданына кетуді көрсетеді. Тапсырмаларды орындау кезіндегі қатысушылардың пайдаланатын негізгі қару-жарағы Драгуновтың мергендік винтовкасы болып табылады.


Бақылаушылар ретінде Италия, Түркия, Қытай, Сербия, БАӘ және Түркіменстанның мамандары шақырылыпты.

«Біз Ресейдің Самара аймағынан келдік. Бұл сайыстың тұрақты қатысушымыз. Үштіктен түсіп көрген кезіміз жоқ. Үнемі жүлдегерлер қатарында жүрміз. Бізді қалдырмай шақырып жүретін қазақтарға алғыс айтамын. Біз үшін бұл жарыс дайындық іспеттес. Өйткені, әр түрлі географиялық, климаттық жағдайларға үйрену үшін осындай жатығуларға қатысып тұрамыз. Осындай жарыстарда әскердің деңгейін көрінеді. Басқалардың да қарым-қабілетін байқаймыз. Барлаушылар – физикалық төзімділігі мен айлакерлігімен ерекшеленетін мамандық. Ондай айлакерлік болмаса бұл мамандықта өте қиын. Барлаушы – деген шахматтағы гроссмейстр секілді. Алдын-ала бірнеше қадамды ойластырып отыруы қажет. Тек өзінің жүрісін ғана емес, қарсыласты да қадамын бағамдай білуі тиіс. Сонда ғана оны барлаушы деп айтуға болады», – дейді Ресейден келген құраманың өкілі, подполковник Александр Котовский.


Жарыс 3 қыркүйекке дейін жалғасады. Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша «Алтын үкі-2019» сайысының бас жүлдесін қанжығасына байлайтын  жеңімпаз құрам анықталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы