Бәрінен ынтымақ қымбат – Наталья Мишукова
Өзге ұлт өкілінің ынтымағы мен бірлігі – Қазақстанның жарқын болашағының ажырамас ұстанымы. Олардың елдік мұраты, тілге деген құрметі қазақтан кем түспей, мемлекеттің дамуына еселі еңбек етуде. «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда филиалының төрағасы Наталья Мишукова да ұлттар достығын насихаттауға үлес қосуда көш бастап келеді. Жуырда BAQ.KZ-тің Қызылорда облысындағы тілшісі филиал төрағасымен сұхбаттасып, қоғам белсендісінің түрлі бағыттағы ой-пікірін тыңдады.
– Наталья Валентиновна, ұлтаралық достықты нығайтуға үлес қосып жүрген белсенді ретінде танимыз. Қызметіңіз бен өмірлік ұстанымыңызды бұл бағытты тоғыстыруға не себеп болды?
– Ұлттар достығын нығайту – ортақ міндет. Мен үшін халықтар бірлігін сақтау, нығайту ерекше маңызға ие. Себебі, әлемдік саяси ахуал қиын-қыстау шақта бірлік көрсетпей аман өту мүмкін емес. Осының бәрін ескере отырып, аталған бағытта жұмыс жасауды қолға алдым. Бүгінде қолға алынған қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жобалардың негізі халықтар достығына арналуда. «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» басты мақсаты - осы идеяға жуықтас болғандықтан, қоғамдық бірлестік жұмысына белсене атсалысуға шешім шығардым. Қазіргі таңда нәтиже көңілімнен шығады.
– Қазақы болмыс бұзылмаған Арал өңірінің өкілі екенсіз. Қазақ пен орыс достығын насихаттауға бұл дерек қаншалықты әсер етті?
– Орынды сауал. Әрине, әулетіміздің Қазақстанмен тамырлас тарихы қазақ-орыс қатынасына бейжай қарамауға септесіп, қолдан келген көмекті көрсетуге жетеледі. Олай дейтінім, ата-бабамның Қазақстанға, әсіресе Сыр өңіріне қоныс аудару жолы өнеге берді. Осы орайда әулет тарихына шегініс жасау арқылы сұрағыңызға толыққанды жауап беру орынды секілді.
Әкем Валентин Мишуков – Мәскеудің тумасы. 1939 жылы дүниеге келген ол аласапыран кезеңнің бар қиындығын көрді. Тұрмыс тауқыметі қажытып, өмір ерте есейткен екен. Атам соғыс кезінде қаза тауып, артынша әжем дүние салған соң тағдыр тәлкегіне ұшырайды. Осылайша, балалық дәуреннің қызығын көрместен, Мәскеудің жетімдер үйінен бір-ақ шығады.
Дегенмен, табандылық таныта білген әкем қиындыққа қарсы тұрып, барынша жеңіс төрінен көріне білді. Асқақ арман жетегімен 9-сыныптан соң Гурьев теңіз мектебіне оқуға тапсырады. Теңіз тірлігінің қыр-сырына қанығып, айдын судың мән-маңызын ұғуға күш салған. Училище бітіргесін жұмыс істеуге Арал теңізін таңдап, 17 жасында Арал қаласына табан тірейді. Мұнда еңбек жолын бастап, қазақы ортаға қоныстанады.
Ал анамның әкесі Ресейдің Тамбов қаласынан Арал теңізіне жаяу келген. 1930 жылдары аштық жайлаған шақ. Анамның әкесі жан бағып, аман қалуды ойлаған көрінеді. Ел-жұрттан қазақ даласында теңіз барын және онда балық көбін естіп, Аралға жаяу жеткен. Құтты мекеннің игілігін көргесін Арал ауданындағы Бөген деген аймаққа қоныстанады. 4 жылдық білімі қажетіне жарап әрі есептеу білгендіктен, сол маңдағы бір бай жұмысқа алыпты. Кейін өмірлік жарын жолықтырып, 6 балалы отбасына айналған. Менің анам сол шаңырақтың перзенті.
Міне, әке-шешемнің танысып, табысуына айдынды теңіз бен қазақы болмыс әсер еткен. Әкем іссапармен Бөген ауылына келген шақта анамды кезіктіріп, кейін отбасын құруға ұсыныс жасайды. Осылайша, біздің отбасының тарихы жанданып, 1978 жылы мен өмірге келдім. Өзге ұлт өкілі болсақ та қазақ тілін еркін меңгеруімізге Арал ауданында өмір сүруіміз көп көмегін тигізді. Қазір қазақша сөйлеуде қазақтан кем қалмаймыз.
– Қазақы қалыпты әркім әртүрлі түсіндіреді. Өзге ұлт өкілінің көзқарасында қазақ халқының бейнесі қалай қалыптасты?
– Қазақтың салт-дәстүрі, сана-сезімі өзгеріссіз сақталған өңір – Арал аймағы. Халық тек қазақ тілінде сөйлеп, сақтайды. Сондықтан бала кезімнен қазақтың қонақжай пейілі, достық көңіл, қамқорлық сезімін жете ұғындым десем, артық емес. Қонақ келсе, бар тәттіні алдына тосып, жан-жағына жақсылықты үлгі етіп жүрген ата-әжені көп көрдім. Көмек қажет болса, жүгіре жететін жақсы жандармен таныс болдым. Сондықтан өзге ұлттардың қазақ жайлы көп айтатын жақсы сөздеріне қосыламын.
Бір мысал, анамның әпкесі қалмақ азаматына тұмысқа шыққан. Сол жездем қызық тарихты айтып отыратын. Саяси қуғын-сүргін кезінде қалмақтарды вагондарға отырғызып, шалғайдағы Бөген ауылына апарған екен. Сол маңға келген өзге ұлт өкілдері қазақтың тілін де, мәдениетін де білмейді. Таныс адам да жоқ екен. Сол кезеңде қазақтар жат көрмей, келген адамдарды жанына қоныстандырып, нан бөліп берген екен. Сол көштің бір өкілі – жездем алғысынан жаңылмай, қазақ қонақжайлығын құлғымызға құйған еді. Сол себепті отбасымыз қазақтың дархан пейілін ерекше құрметтейді. Тіпті, кейде Ресейге қоныс аударған ағам-әпкем жанына шақырады, көшуге үгіттейді. Алайда қазаққа жақын болмысым, таным-түсінігім Сыр өңірінен алыстатқан емес. Маған Сыр топырағы ерекше ыстық, мәдениеті мен тілі етене жақын.
– Соңғы уақытта өзге ұлт өкіліне жиі қойылатын сауалдың бірі ұлтаралық қатынас екені даусыз? Мәселен, өзіңіз орыс ұлтының өкілісіз. Қазіргі таңда орыс-қазақ саяси-мәдени қатынасында нендей айырмашылық бар деп ойлайсыз? Қазақстанда русофобия бар дегенге сенесіз бе?
– Алдымен бәрінен достық, ынтымақ қымбат екенін ұғынуымыз шарт. Қазақ-орыс қатынасына соңғы саяси оқиғалар әсер еткенін білеміз. Дегенмен, бұл қазақ халқының орыс ұлты туралы ойын өзгерткен жоқ. Бұрынғыдай ақ адал көңіл, өзара ынтымақта өмір сүруде. Ресей мен Украина арасындағы жанжал да достыққа сызат түсіре алмады. Керісінше, екі елдің достығын, көршімен тату тірліктің маңызын баршаға ұғындырды десек болатындай.
Әрине, кез келген әскери ұрыс халықты қажытады. Алдымен зардап шегетін де бұқара. Сондықтан соғыстың алдын алып, бейбіт өмір сүру маңызды. Ел-жұрттың тілегі, арманы – бейбітшілік – менің де ұстанымым.
Жасыратыны жоқ, орыс ұлтының өкілі болған соң маған бұл оқиға ауыр тиді. Бірақ Қазақстанда русофобия, орыс халқын қудалау әрекетін байқамадым, ондай оқиға жоқ деп санаймын. Себебі, қандай жағдай болса да ұлттар достығы жалғасып, екіжақты тиімді қарым-қатынас жалғасатыны анық. Осы орайда, келеңсіздік орын алмас үшін өзге ұлт өкілдері жергілікті халықтың тілін меңгеріп, салт-дәстүр мен болмысын құрметтеуі қажет деп санаймын. Менің балаларым да қазақ тіліне жетік, ұлттың салт-дәстүрін түсінеді әрі оң көзқараспен қабылдайды.
– Қазақстан Халқы ассамблеясының қызметі, қажеттілігі туралы пікір санқилы. Сіздің көзқарас қандай?
– Қазақстан – құтты мекен. Қаншама ұлт пен ұлыс өкілдері осы мекеннен пана тауып, бақытқа кенелді. Қазақстанның жарқын болашағын ұлттар достығы бекіте түседі деп сенемін. Ассамблея негізгі жұмысы да осы идея төңірегінде жүргізілуде. Мұндай құрылым, яғни өзге ұлт өкілдерін ассамблея астына біріктіру сәтті нәтижеге жетелейді. Бұл – әлемдегі теңдесіз саяси қадам.
Айта кетерлігі, ассамблея жұмысы заңмен белгіленген. Нақты құзыреті, міндеті, қызметі толық анықталған. Оны халық БАҚ арқылы жақсы таныды деп ойлаймын. Алдағы уақытта қызмет аясын кеңейтіп, ауқымды жобалар қосылса, ассамблея жұмысы жандана түсері анық.
– Жуырда «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда филиалы төрағасы болып тағайындалдыңыз. Атқарылған жұмыстарды сұрау ертерек екені мәлім. Алдағы жоспар қандай?
– «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің басқаруды жуырда қолға алдым. Аталған бірлестіктің елдегі ұлтаралық татулықты сақтауда маңызы зор. Әсіресе, Қазақстандағы орыс ұлтының мәдени-рухани бірлестігі ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдық сананы қалыптастыруға көмегін тигізеді деп ойлаймын.
Біздің міндет те айқын. Аймақтағы орыс ұлты өкілінің басын біріктіріп, мәдени-қоғамдық шараларға тартуды көздейміз. Сол арқылы оң нәтижеге қол жеткізсек, мақсаттың орындалғаны. Бұл бағытта бірлестіктің бұрынғы басшысы Владимир Толоконников біршама маңызды жұмыс атқарғанын білеміз. Қазіргі жоспар бойынша өзге ұлт өкіліне тілдік курс, әлеуметтік көрсету ойда бар.
– Әңгімеңізге рақмет!