"Бәрін қабылдай береміз": Маңғыстаулық Меруерт бір мезгілде 250 адамды үйіне паналатты

Маңғыстаулықтар Құлсары қаласынан эвакуацияланған жұртқа жан-жақты қолдау көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қарапайым халық су тасқынынан зардап шеккендерді жеке үйлеріне кіргізіп, жағдайларын жасады. Боранқұл ауылының тұрғыны Меруерт Омарова бір мезгілде 250 адамды үйінде паналатты. Бейнеу ауылының тұрғыны Тілектес Нұрмағанбетова да Құлсарыдан бала-шағасымен келген 8 отбасын үйінде қонақтатты. Игі іске үй іші түгел жұмылған. Олар отыз шақты адамды үш мезгіл аспен, жылы орынмен қамтыды.

Ел басына күн туғанда қарап қалмаймыз ғой қай қазағымыз да. Қонақжайлық, кеңпейілдігімізді білдіріп жатырмыз. Осы мынау екі қатар үй асты-үсті толы, бос бөлме жоқ. Тіпті ағайын болмағанда да былай өзіміздің қазағымыз келсе де құшағымыз ашық. Бәрін қабылдай береміз, - деді Бейнеу ауылының тұрғыны Тілектес Нұрмағанбетова.

Құлсарылық Гүлнар Ботаева маңғыстаулықтардың қонақжайлылығына тәнті болғанын айтады. Тасқынның салдарынан оның баспанасы су астында қалған. Сол кезде ол мүгедек жолдасымен және немерелерімен Маңғыстауға эвакуацияланды.

Маңғыстау халқының адамгершілігіне, қонақжайлылығына риза болып жатырмыз. Өте жақсы қабылдады. Бәріне жағдай жасап, тамағын тауып беріп, керек заттарын тауып беріп, - деді ол.

Айта кетейік, тасқын кезінде Құлсарыдан Маңғыстау облысына 20 мыңнан астам адам эвакуацияланды. 200-ге жуық уақытша қабылдау пункті ашылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы