Бәрі қымбаттап жатыр. Жигули Дайрабаев биліктегілерге жерге түсуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев Үкімет сағатында биліктегілерге фермерлердің жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бірінші кезекте тұратын мәселе. Адам азық-түліксіз, аш-жалаңаш жүріп, мемлекет құрмайды. Осы мәселе әр азаматтың ойында болуы керек. Ауыл шаруашылығында фермерлерден өнімдерді делдалсыз сатып алуды қолға алмай және өнімді көптеп өндірмей, бағаның өсуін тоқтату мүмкін емес. Мұны үнемі айтып келе жатырмыз. Бұл жылда жыр болады. Сондықтан Сауда министрлігіне сұрақ қойғым келіп отыр. Неге Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп осы мәселені шешуге болмайды? Тиянақты әңгіме болуы керек қой... Жылда өтірік айтамыз. «Ертең қатырамыз», «бағаның бәрін тұрақты етеміз». Ол тұрақтап жатқан жоқ. Күнде қымбаттап жатыр, - деп айтты депутат.
Жигули Дайрабаев бұл өндіріспен нашар айналысып жатқанымызды көрсететінін атап өтті.
Оны мойындауымыз керек. Аз өндіреміз. Өндірген өнімді сата алмаймыз. Уақытылы бағалап, өткізе алмаймыз. Екінші мәселе – барлық өңірде көтерме сауда орталықтарын салып, олардың тиімді жұмыс істеуін, фермерлермен байланыстарын нығайтуды қолға алу керек. Фермер тек қана өнім өндірумен айналысуы керек. Фермерлердің басы тек «малды қайтіп бағамын, егінді қайтіп өндіремін?» дегенмен ғана ауыруы керек. Өткізу, қабылдау сияқты мәселелер тікелей мемлекеттің міндеті. Ол сұрақпен Сауда мен Ауыл шаруашылығы министрліктерінің басы ауыруы керек. Шаруаның басы қысы-жазы қалай ауырса, Сауда мен Ауыл шаруашылығы министрліктерінің жаны да солай ауыруға тиіс. Жұмыс тиянақты болмай, ауыл шаруашылығымыз оңалмайды, - дейді Мәжіліс депутат.
Ол Президент нақты тапсырма қойғанын айтып өтті. Сөзінше, 70% өнімдерді өңдеп, экспортқа шығару керегін айтқан. Дайрабаев Президенттің тапсырмасы бұлжытпай орындалуы керегін назарға салды.
Мен осы министрліктің басшыларын түсінбеймін. Неге тиянақты жоспар құрып істемейсіздер? Сіздер «27, 30, 40, 50» деп стратегия құрасыздар... Халқымыз бүгін жақсы өмір сүруі керек. Осыны ойлау қажет. Сіздердің қағаздарыңызда бәрі жақсы. Оған қарасақ, біз баяғы «ескі Қазақстанда» 30 елдің қатарына кіріп жатырмыз. Ал өмірде ондай емес қой. Неге біз бір-бірімізді алдаймыз? Сондықтан биліктің басында отырған азаматтар, сіздер кішкене жерге түсіңіздер. Халықтың жағдайын көріңіздер. Кеше ғана ШҚО-ға барып, фермерлердің басын жинап, азаматтармен кездестім. Солардың жанайқайын естігенде өмір сүргің келмей кетеді. Өйткені еңбек ету оңай емес, - деп айтты мәжілісмен.
Ол Үкіметке фермерлердің айтқан талаптарын қолға алуды ұсынды.