Бақытжан Базарбектің қатысуымен болған жол апаты: Зардап шеккен ер адамның отбасы мәлімдеме жасады
Зардап шеккен Нұржігіттің жағдайында оң өзгерістер бар.
Бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Жамбыл облысында болған жол апатынан зардап шеккен 36 жастағы Нұржігіттің отбасына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Экс-депутаттың өзі де осы жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Туыстарының айтуынша, Нұржігіт қазір ем қабылдап жатыр.
Базарбек зардап шеккен азаматтың туыстарымен бірге түсірілген видеоны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Нұржігіттің жақындары қазіргі уақытта оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отырғанын айтты. Ол емін жалғастырып жатыр. Отбасы Бақытжан Базарбекпен байланыста екенін, оның қажетті көмек көрсетіп жүргенін жеткізді.
Экс-депутаттың айтуынша, Нұржігіттің емі Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасының көмегімен жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ол зардап шеккен азаматтың жағдайында оң өзгерістер бар екенін айтты.
Жағдайында аздаған оң өзгерістер бар. Расталмаған қауесеттерді таратпайық. Барлығымыз Нұржігіттің аяғынан тұрып, отбасына оралуын тілеп отырмыз, – деді Бақытжан Базарбек.
Нұржігіттің жағдайы тұрақталғаннан кейін экс-депутат оның әрі қарай тексеріліп, ем алуына көмектесуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Астана немесе Алматы қалаларындағы мамандарға жүгіну мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін экс-депутат Бақытжан Базарбек өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірген болатын.