Бақытжан Базарбек: Алматының таулары кімнің меншігіне өтіп кеткен?!
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек орман қоры жерлерін және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды иеліктен шығару мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматының таулары кімнің меншігіне өтіп кеткен?! АИС ГЗК базасы бойынша Алматы қаласының Бостандык ауданындағы «Іле Алатауы» ұлттық саябағымен шекаралас «Ерменсай» ықшам ауданының тау бөктерінде орналасқан 18 кадастрлік номерлі жер жеке меншікке өтіп кеткен. Ең сорақысы, осы аталған жерлердің бір ғана иесі бар және жердің жалпы көлемі 1 мың шаршы метрден асып кеткен. Жалпы 18 жер учаскесінің аумағы таудың 14, 6 шаршы километрін құрайды. Басқаша айтқанда, Алматы қаласының Бостандык ауданының жалпы жер көлемінің 5/1 бөлігін қалыптастырады. Аталған жерлердің жерге байланысты құқығы 2016 жылы қаңтарда, яғни жеке меншік құқығы сол уақытта Алматы қаласының әкімі болған Бауыржан Байбектін тұсында пайда болған. Ал бұдан бұрын аталған жерлер мемлекеттік меншіктен жеке меншікке Алматы облысының Қарасай ауданына өтіп кеткен болатын, - деді депутат.
Оның айтуынша, барлық жеке меншікке өткен жерлердің нысаналы мақсаты – ауыл шаруашылық тауарлының өндірісін жүргізу.
Мені жер саласындағы сарапшы заңгер ретінде және Алматыдан Мәжіліске сайланған депутат ретінде толғандыратын дүние – неліктен бұл жерлерге Жер ресурстарын басқару комитеті мен оның Алматы қаласының Департаменті тексеріс тағайындап, осы уақытқа дейін мемлекеттік меншікке қайтармағаны. Не себепті осы уақытқа дейін Алматы қаласы Прокуратурасы мен Әкімдігі аталған жерлерді мемлекеттік меншікке қайтармағаны көп сұрақты туындатады. Айта кететін жағдай, "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Заңға сәйкес аталған жерлер «Іле Алатауы» ұлттық саябағының 2 километрлі қорғалатын аймағына кіруі тиіс еді, бірақ, Алматы қаласының Әкімдігінің әрекетсіздігі салдарынан қорғалатын аймаққа кірмей қалып отыр. Жағдайдың сорақылығы соншалық, Іле Алатауы баурайындағы тау бөктерлері Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандарында жеке меншікке беріліп кеткен. Екі ортада халық тау бөктерінде мал жаю мүмкіндігінен айырылған және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға еркін кіріп-шығу құқығынан шектелген, - дейді Бақытжан Базарбек.
Осыдан кейін ол аталған жағдайдың өзектілігі мен көкейкестілігін ескере отырып, ұсыныс айтты.
Біріншіден, Алматы қаласының Медеу және Бостандық, Наурызбай аудандарының шегінде "Іле- Алатауы" ұлттық саябағының 2 шақырымын қорғалатын аймақ етіп бекіту керек. Екіншіден, «Іле Алатауы» ұлттық саябағының Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандары мен Алматы қаласы Медеу және Бостандық, Наурызбай аудандарының шегінде жерлердін нысаналы мақсатын елді мекен шегінде шаруа қожалығы мен ауыл шаруашылық тауарлы өндіріс қызмет түрінен жеке тұрғын үй құрылысы үшін, жеке қосалқы үй шаруашылығы үшін ауыстыруға ресми мораторий енгізу қажет. Үшіншіден, «Іле Алатауы» ұлттық саябағының Алматы облысының Енбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандары мен Алматы қаласы Медеу және Бостандық, Наурызбай аудандарының аумағындағы жерлерді және қорғалатын аймақтардығы елді мекендерді бас жоспарлары мен егжей-тегжей жобаларында (ПДП) рекреациялық аймаққа аударуды талап етеміз! - деді ол.
Осы ұсыныстарын айтқаннан кейін ол депутаттық сауалын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға және Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.