Бақыттың мекені: Финляндия тағы да №1
World Happiness Report — Халықаралық бақыт күні жарияланатын рейтинг.
Финляндия әлемдегі ең бақытты ел деп танылды — Әлемдік бақыт туралы баяндаманың рейтингінде ол тоғызыншы жыл қатарынан бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ "Евпопульсқа" сілтеме жасап.
World Happiness Report — Халықаралық бақыт күні жарияланатын рейтинг. Ол 140-тан астам елдегі шамамен 100 мың адамның жауаптарына негізделген. Тұрғындардан өз өмірін бірнеше критерий бойынша бағалау сұралады — әлеуметтік қолдау, еркіндік, жомарттық, сыбайлас жемқорлықты қабылдау және денсаулық. Сонымен қатар, баяндама жасаушылар қосымша көрсеткіштерді де жинайды: мысалы, жан басына шаққандағы ЖІӨ және салауатты өмір сүру ұзақтығы.
Неліктен Финляндия тағы да ең бақытты ел атанды? Бұл фин қоғамына тән сенім деңгейімен байланысты — ол адамдарға өзін қауіпсіз сезінуге мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды себеп — табиғатқа жақындық, ол күнделікті күйбеңнен арылуға көмектеседі. Әлеуметтік қамтамасыз ету мен денсаулық сақтау жүйесінің жоғары деңгейде жұмыс істеуі, мемлекетке деген сенімнің жоғарылығы және жемқорлықтың төмендігі де үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар, финдер "sisu" деп атайтын ішкі төзімділік пен қандай қиындық болса да алға ұмтылу қасиеті де әсер етеді.
World Happiness Report негізін қалаушылардың бірі Джон Хэлливеллдің айтуынша, рейтинг қатаң социологиялық талаптарға сай жасалады, алайда елдің табысын тек қаржымен немесе білімге қолжетімділікпен түсіндіру әрдайым мүмкін емес. Оның сөзінше, адамдардың өмірін бағалауда ең маңызды факторлардың бірі – қауымдастық сезімі мен қиын сәтте бір-біріне көмектесуге дайын болу.
Финляндияның тұрақты көшбасшылығы ынтымақтастық мәдениетінің тереңдігімен түсіндіріледі. Табысты қоғамдар қиындықтар алдында біріге алады, ал финдер мұны жақсы түсінеді. Өзара бірлік сезімі болғанда, мүмкіндіктің шегі кеңейеді. Оның үстіне, әркім жоғалған әмиянның ішіндегісімен бірге қайтарылатынына сенімді болатын жерде өмір сүргісі келеді, – деді ол.
Финляндияның туризм министрлігі саяхатшыларды бақытты болуға үйретудің жолын да тапқан. Өткен аптада үміткерлерді іріктеу басталды – олар Финляндияның шалғай көлді өңірінде бір апта тегін демала алады. Chill Like a Finn («Фин сияқты демал») атты бағдарлама туристерге бақыттың сырын түсінуге көмектеседі.
Егер Финляндия әлемдегі ең бақытты ел болса, Солтүстік Еуропа – ең бақытты өңір болып саналады. Рейтингте екінші және үшінші орындарды Исландия мен Дания иеленді. Жетінші орында – Нидерланд, тоғызыншы орында – Люксембург.
Ал алғашқы жиырмалыққа Бельгия, Германия, Ирландия, Словения, Австрия және Чехия да енді.
Әлемдегі ең бақытты елдер тізімі:
1. Финляндия
2. Исландия
3. Дания
4. Коста-Рика
5. Швеция
6. Норвегия
7. Нидерланд
8. Израиль
9. Люксембург
10. Швейцария