«Бақытты отбасы» бағдарламасы әйелдерді кәсіпке баулиды
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Бақытты отбасы» бағдарламасы көпбалалы аналардың кәсіптік тұрғыдан дамуына да мүмкіндік береді.
Бұл туралы өңірге сапармен келген Премьер-министр орынбасарының кеңесшісі Нәзипа Шанаи мәлімдеді.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің белсенділерімен дөңгелек үстел басында отбасылық құндылықтарды насихаттауға қатысты өзекті проблемалар талқыланды.
Сапарымыздың мақсаты – аймақтарда «Бақытты отбасы» орталықтарын құру. Еліміздің жекелеген қалалары мен аудандарындағы 35 орталық 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Олардың жұмысы жалғызбасты, көп балалы немесе ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарды қолдауға бағытталған, – деді Нәзипа Ыдырысқызы.
Орталықтардың үш жылдық жұмысында қойылған міндеттер орындалды: нәзік жандыларға психологиялық, заңгерлік көмек көрсетілді.
Өйткені көп аналар қандай жеңілдіктер берілетінін, баланы қалай тіркеуді, емделуге жіберуді, тұрғын үй алуға кезекке тұруды білмейді. Енді осы мәселелердің барлығы бір орталықта шешіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік көмекке тәуелді болмауы үшін әйелдің үйде ақша табуына немесе мамандық, сертификат алуға және жұмысқа орналасуға немесе өз бизнесін ашуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қоса әйелдерге заңды және психологиялық көмек көрсетіледі, – деп нақтылады Нәзипа Ыдырысқызы.
Оның айтуынша, ауқымды жобаның аймақтағы аяқ алысы жаман емес.
2014 жылы менің бастамам бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Өңірлік Аналар кеңестері құрылды. Республикалық кеңестер 2020 жылдан бастап қана жұмыс істей бастады. Олардың құрылымында 13 мыңнан астам әйел жұмыс істейді. Ауыл әйелдері де белсенділік танытуда, – деп атап өтті ол.
Қазіргі уақытта Ақмола облысында 104 аналар кеңесі жұмыс істейді.
Бірінші кезеңде қалалық оқу орындары мұғалімдерінің басшылығымен жұмыс істейтін қыздар клубтары жанданды. Колледждер мен жоғары оқу орындарында осыған ұқсас клубтар құру жоспарланған. Сондай-ақ этномәдени бірлестіктерде де құрылады. Қыздар қолөнер, ұлттық тағамдарды дайындау дағдыларын игереді, халықтың салт-дәстүрлерімен танысады, – деп түсіндірді Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Найля Сейдалина.
Аналар кеңесі өткен жылдың қазан айында құрылды.
Оның құрамына кәсіпкер әйелдер, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері бар. Жоғары оқу орындарының студенттерімен дөңгелек үстелдер мен диалогтық алаңдар өткізіледі. Онда олар қазақ халқының және басқа да этностардың отбасыларының салт-дәстүрлерімен танысады: мұндай жұмыс үлкендерді құрметтеуге, еңбекқорлыққа, әдептілікке тәрбиелеуге, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған, – деп қосты Найля Сейдалина.
Жас аналардың сәбилерінен бас тартуының алдын алу және жетімдер үйіне түсетін балалар санын азайту үшін 2013 жылдан бастап елімізде «Ана үйі» баспаналарын ашу бойынша Қазақстанның танымал кәсіпкерлерінің бірлескен жұмысы бастау алды.
Осы жылдар ішінде Көкшетаудағы Аналар үйінде 223 әйел мен 257 балаға көмек-қолдау көрсетілді. Облыстағы жетімдер үйлерінен 154 бала асырап алушы отбасыларда тұрып жатыр. 379 адам асырап алушы ата-аналар мектебінде білім алды. Қазір «Балажан» пилоттық жобасына Щучье балалар үйі, Ақкөл қаласының №1 балалар үйі, Урюпинка ауылының балабақша-мектеп-интернаты, Көкшетау қаласының арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы қатысады, – деп түсіндірді «Ана үйі» ресурстық орталығының үйлестірушісі Құралай Жұмабекова.