Baqytty bala байқауы арқылы нағыз таланттарды әлемге танытатын боламыз – әкім
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 14 шілдеде, жексенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин «Baqytty bala» екінші балалар ашық вокалдық фестиваль-байқауының қазылар алқасымен кездесті, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазылар алқасын бастап келген «Димаш-Али» продюсерлік орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев аймақ басшысына шетелдік қонақтарды таныстырып, фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына зор қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Биылғы байқауда қазылар алқасы құрамының географиясы кеңейген. Атап өтсек, Тбилисиден келген грузиннің танымал жас әншісі Tsnobiladze Nini, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі, композиторы және әншісі Владимир Эзеров, «Х-фактор» (Украина) жобасының жеңімпазы, «Евровидение» байқауының ұлттық іріктеу финалисі, бірегей дауыс иесі Аида Николайчук, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әншісі, композитор, көрнекті мәдениет қызметкері Ұлықпан Жолдасов, А.Жұбанов атынлағы музыкалық колледждің оқытушысы, танымал композитор, әнші Марат Әйтімов, «BATYSSOUND PRODUCTION» студиясының директоры және ән әрлеушісі, Димаштың көптеген әндеріне саундтрек жазған Ерлан Бекчурин кездесу барысында облыс әкіміне жылы қабылдауы үшін алғыстарын білдірді.
«Бүгінгі таңда «Baqytty bala» фестиваль-байқауы облыс көлемінде ғана емес, халықаралық дәрежеге көтерілген ізгі шараға айналды. Елімізде өнерлі жандар өте көп. Өзінің зор талантымен, ерекше даусымен әлемді мойындатқан жерлесіміз Димаш Құдайбергенді өздеріңіз де жақсы білесіздер. Облысымызда жақсы дәстүрге айналған байқауға атсалысып, бүлдіршіндердің өнерін бағалап жатқандарыңыз үшін ақтөбеліктердің атынан шын жүректен алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да осы байқаудың аясын кеңейтіп, нағыз таланттарды әлемге танытатын боламыз», - деді облыс басшысы.
Кездесу соңында аймақ басшысы шетелдік қонақтарға 150 жылдық мерейтойға арналған кәдесыйлар табыстап, қазылар алқасымен естелік суретке түсті.