«Baqytty Bala - 2023» байқауының жеңімпаздары белгілі болды

Халықаралық «Baqytty Bala - 2023» фестиваль-байқауының жеңімпаздары белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтөбедегі «Өнер орталығында» фестиваль-байқаудың гала-концерті өтіп, оған облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысты. Өңір басшысы бұл байқау әлемге әйгілі жерлесіміз, әнші Димаштың артынан ерген өнерпаздарға жол ашады деген сенімде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жас буын өкілдерінің балалық шағы бақытты өтіп, дені сау, жан-жақты азамат болып өсуіне жағдай жасау - стратегиялық маңызы бар міндет екенін айтты. «Baqytty Bala» фестивалі - Ақтөбенің брендіне айналған балалар шығармашылығының ауқымды жобасы. Бұл өнер додасы арқылы әлемге әйгілі жерлесіміз, мега жұлдыз Димаш Құдайбергеннің ізінен еретін халқымыздың ұлттық құндылықтарын насихаттайтын талантты балалар шығатынына сенемін, - деген Ералы Тоғжанов барлық қатысушыларға алғысын білдірді.

Биыл осымен бесінші рет Ақтөбеде өтіп жатқан өнер додасына Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелдің 5 мемлекеті - Испания, Эстония, Ресей, Татарстан, Маврикий Республикасынан таланатты балалар жиналды. Қатысуға 250-ге жуық бала ниет білдірген.

Фестивальдің ақтық мәресінде 20 жас өнерпаз бақ сынады.

Қазылар алқасының шешімімен, фестивальдің Бас жүлдесі ақтаулық Бекмұрат Айымға бұйырды (1 млн теңге). Облыс әкімі жас талант иесіне Гран-Приді табыстады.

Жүлделі І орын - 400 мың теңге Астанадан келген Тлеумбетова Жасмин және испаниялық Люсия Кссаниге берілді. Екінші орынның 300 мың теңгесін Амантай Айғаным, Әйтен Алтынай және өскемендік Асылбек Аяужан місе тұтса, үшінші орынды Эстония, Қазақстан, Маврикий Республикасының өнерпаздары бөлісті.

Сондай-ақ, дәстүр бойынша «Dears» қауымдастығының арнайы жүлдесі, «Көрермен көзайымы» номинациясының иегерлері анықталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы