Бақыт Сұлтанов қытайлық әріптестерімен Меморандумға қол қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен ҚХР Коммерция министрі Чжун Шань министрліктер арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Бұл құжат ішкі және сыртқы сауда, тауарлар мен қызметтер экспорты, кадрлар даярлау және ҚР мен ҚХР іскер топтары арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Қытай Қазақстан үшін дәстүрлі түрде негізгі сыртқы сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылы Қытаймен сауда айналымының үлесі Қазақстанның жалпы сауда айналымының 12,3%-ын құрады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 11,4%-ға өсіп, 11,7 млрд долларға жетті.

Биыл біз екі ел арасындағы өзара сауда-саттықтың қарқынды өсіп келе жатқандығын байқап отырмыз. 2019 жылдың жеті айында тауар айналымы 8 млрд долларға жетті, бұл өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 31,2%-ға жоғары (6,1 млрд доллар).

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және оның жоғары оң динамикасын сақтау үшін жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің номенклатурасын кеңейту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру және іскер топтар арасында тікелей байланыстар орнату туралы келісімге қол жеткізілді.

Қазақстандық тарап өзара саудада Қытайға қазақстандық өнімнің экспортын 60 тауар позияциясы бойынша 1,6 млрд долларға ұлғайту арқылы оң үрдісті нығайтуды ұсынды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы