Бақылау күшейтіледі: ІІМ жүргізушілерге үндеу жасады
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі соңғы күндері орын алған қайғылы жол апаттарына байланысты жол қозғалысына қатысушыларға арнайы үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
11 қыркүйекте Маңғыстау облысында шағын автобус аударылып, 10 адам қаза тапты.
14 қыркүйекте Жетісу облысында үш көліктің соқтығысуынан тағы 10 адам көз жұмды. Сарапшылардың айтуынша, апатқа қарсы бағытқа шығу себеп болған.
Қарағанды облысында да осындай жағдай қайталанып, 5 адамның өмірі үзілді.
Қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз. Бұл – жай ғана жол апаттары емес. Бұл – орны толмас адам шығындары, – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов.
Аталған оқиғалар бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу жүргізілуде. Алайда ІІМ өкілі қаза тапқандардың өмірін ешқандай тергеу қайтара алмайтынын атап өтті.
Барша жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жолдаймыз: жол қателікті кешірмейді! Жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, қауіпті маневр жасау, қауіпсіздік белдігін тақпау – мұның бәрі адам өміріне қауіп төндіретін қателіктер, – деді Ғалым Сарғұлов.
ІІМ мәліметінше, алдағы уақытта жолдардағы бақылау күшейтіледі. Қалааралық бағыттарға, жеке тасымалдаушыларға және көліктің техникалық жағдайына ерекше назар аударылады. Сондай-ақ ауқымды тексерістер мен рейдтер жүргізілмек.