Бақты – Аягөз теміржолының тең жартысынан астамы салынды
Стратегиялық маңызы бар теміржол желісінің құрылысы 52%-ға аяқталды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, Бақты – Аягөз теміржолының құрылысында 20 миллион текше метрден астам жер жұмыстары орындалды. Бұл жобада көзделген жалпы көлемнің 52%-ын құрайды.
Жер төсемін толық қалыптастыру жұмыстары биылғы қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Құрылыс алаңында 1 379 маман мен 884 техника жұмыс істеп жатыр.
Ұзындығы 303 шақырым болатын жаңа теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекаралық өткелін ашуға мүмкіндік береді. Жоба іске асқаннан кейін көлік дәлізінің өткізу қабілеті жылына 25 миллион тонна жүкке дейін артып, халықаралық жүк тасымалының мүмкіндігі кеңейеді.
Сондай-ақ Көлік министрлігі жаңа инфрақұрылымның салынуы Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, өңір елдерімен көлік байланысын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.