BAQ.KZ журналистері "Шапағат" және "Ерен еңбегі үшін" медальдарымен марапатталды
Марапаттар қоғамдық қызметке қосқан үлесі, отандық журналистиканы дамыту және әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды жариялаудағы еңбегі үшін берілді.
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің журналистері 2026 жылғы 16 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы негізінде мемлекеттік наградаларға ие болды. Марапаттарды табыстау рәсімі Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Марапаттар қоғамдық қызметке қосқан үлесі, отандық журналистиканы дамыту және әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды жариялаудағы еңбегі үшін берілді.
Атап айтқанда, BAQ.KZ-тің орыс редакциясының аға тілшісі Анеля Осерхан «Шапағат» мемлекеттік медалімен марапатталды.
Анеля Осерхан 2019 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Журналистика» мамандығы бойынша үздік бітірген. 2018 жылы Польшадағы University of Wrocław оқу орнында «Mass Communication and Journalism» бағдарламасы бойынша білім алған. 2021 жылы «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдады.
Еңбек жолын 2020 жылы BaigeNews.kz сайтында тілші болып бастаған, ал 2025 жылдан бері BAQ.KZ-те аға тілші қызметін атқарып келеді. Қазақстан мен әлемдегі саяси және қоғамдық оқиғаларды жариялап, авторлық материалдар мен деректі фильмдер дайындайды.
Сонымен қатар «Trend Talk» атты жеке подкастын жүргізіп, PR және журналистика саласының мамандарына жасанды интеллект бойынша тренер ретінде де жұмыс істейді.
Сондай-ақ BAQ.KZ-тің қазақ редакциясының аға тілшісі Гүлжан Раманқұлова «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен наградталды.
Гүлжан Раманқұлова - бұқаралық ақпарат құралдарында 10 жылдан астам тәжірибесі бар журналист. Ол әлеуметтік және заңнамалық тақырыптарды көтеруге маманданған, сондай-ақ түрлі кәсіби журналистік байқаулардың жеңімпазы.
Сондай-ақ мемлекеттік наградаларға отандық басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ие болды. Атап айтқанда, «El.kz» интернет-порталының тілшісі Ажар Лаубаева Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Шапағат» медалімен марапатталды.
Бұдан бөлек, «El.kz» тілшісі Айдана Ербатырқызы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен және төсбелгісімен наградталды.
BAQ.KZ қызметкерлерін марапаттау - олардың отандық журналистиканың дамуына қосқан кәсіби үлесі мен қоғамдағы маңызды үдерістерді жариялауға белсенді қатысуының айқын көрінісі.