BAQ.KZ бас редакторы «Парламент сөзі» сыйлығына ие болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің «Парламент сөзі» сыйлығын BAQ.KZ ақпарат агенттігінің бас редакторы Ержан Жаубай иеленді.
Мәжіліс Парламенттің заң шығару қызметін үздік насихаттаған журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлерін марапаттады.
«Парламент сөзі» сыйлығының жеңімпаздары журналистердің кәсіби мерекесі – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында анықталды.
Атаулы сыйлыққа Палатаның заң шығарушылық қызметі жайында 2021 жылдың қыркүйегі мен 2022 жылғы 20 маусым аралығында жарияланған және эфирге шыққан материалдар қабылданды.
Жеңімпаздар қазақ және орыс тілдерінде 6 номинация бойынша анықталды.
Мәжілістің қызметі туралы үздік телевизиялық, баспа жарияланым, интернет және радиоматериал, сонымен бірге, арнайы репортаж бен фото және бейне-сурет материалдар бойынша анықталды.
Сондай-ақ парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін номинациясы мен Парламенттің төменгі палатасының қызметі туралы үздік жасалған арнайы репортаж атап өтілді.
Жеңімпаздарға сыйлықты Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов табыстады.