48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында қазақстандық балуан Үндістан өкілі Аарьян Аарьянды 10:0 есебімен техникалық басымдықпен жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Ағабек жарыс барысында бес белдесу өткізіп, төртеуін қарсыласына бірде-бір ұпай бермей 10:0 есебімен мерзімінен бұрын аяқтады. Іріктеу кезеңінде тәжікстандық Муслихиддин Ходжиевті, 1/8 финалда болгариялық Эмир Джеватовты, ширек финалда моңғолиялық Темулэн Усухбаярды дәл осындай есеппен жеңді.
Жартылай финалда өзбекстандық Фарух Махмудовпен кездесіп, 7:3 есебімен басым түсті.
Осылайша, Бақдәулет Ағабек турнирдегі бес белдесуде жалпы 47 ұпай еншілеп, қарсыластарына небәрі үш ұпай ғана беріп, әлем чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алды.