"Бақайынан айырылды": Алматылық әйел емханадан өтемақы өндіріп алды
Алматыда қант диабетімен ауыратын әйел медициналық орталықтың көрсеткен қызметінің сапасыздығына шағымданып, емханадан 620 мың теңге өндіріп алды, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Әйел диабеттің асқынуын емдету үшін орталыққа жүгініп, 420 мың теңге төлеген.
Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық соты зардап шеккен адамның медициналық орталықтан материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы талап арызын қарады.
Арызданушы диабет асқынуларын емдеу үшін медициналық орталыққа жүгінген және емделу қызметтеріне 420 мың теңге ақы төлеген. Алайда көрсетілген медициналық көмек жағдайын жақсартпаған. Керісінше, ауру асқынып, ол басқа медициналық орталыққа жүгінген. Онда дәрігерлер алдыңғы сапасыз емдеудің салдарын жою кезінде оң аяғының бақайын ампутациялауға мәжбүр болған. Бұл оған физикалық ауырсыну пен елеулі моральдық зиян келтірді. Осыдан кейін әйел төленген қаражаттың бір бөлігін қайтару және моральдық зиянды өтеу талабымен сотқа жүгінді.
Жауапкердің талап арызды мойындауын және анықталған мән-жайларды ескере отырып, сот бақайы кесілген әйелдің талап арызын қанағаттандырып, медициналық орталықтан 120 000 теңге материалдық және 500 000 теңге моральдық зиянды өндіріп алу туралы шешім шығарды, - деп жазылған сот хабарламасында.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Қызылордада бойжеткен әкесін сотқа берді.