БАҚ туралы заң нормасына қатысты отырыс өткізілді
Конституциялық Сот «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның жекелеген нормасының конституциялылығын тексеруге қатысты отырыс өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Конституциялық Соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Конституциялық Соттың азамат С.В.Наумцевтің БАҚ туралы Заңның 14-бабының 1-тармағы 3) тармақшасының Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 2-тармағына және 18-бабының 1-тармағына сәйкестігін тексеру туралы өтініші бойынша отырысы өтті, - делінген хабарламада.
Дауланып отырған норма адамның бейнесін оның келісімісіз бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаумен және таратумен байланысты болып отыр.
Конституциялық Сот өтініш субъектісінің, Парламент Сенатының, ақпарат және қоғамдық даму мен әділет министрліктерінің, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, сондай-ақ Бас прокуратура өкілдерінің ұстанымдарын тыңдады.
Өтінішті қарау қорытындысы бойынша Конституциялық Соттың нормативтік қаулысы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде, Конституциялық Соттың интернет-ресурсында, сондай-ақ басқа да әлеуметтік арналарда жарияланады.