БАҚ: Трамп пен Путиннің кездесуіне Зеленский де келуі мүмкін
Трамп пен Путиннің кездесуіне Зеленский де келуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақ үйдің жоғары лауазымды өкілі CBS News арнасына берген мәліметінде, келесі аптада өтетін саммитке Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысу ықтималдығы бар екенін хабарлады.
Бұған дейін Ақ үй Дональд Трамптың Ресей және Украина басшыларымен кездесуге дайын екенін мәлімдеген еді. Дегенмен, өткен жұмада АҚШ президенті алдымен Владимир Путинмен жүздесуі мүмкін екенін айтқан. Трамп сонымен бірге үшжақты кездесу өткізуге де мүмкіндік бар екенін жоққа шығармады.
Бұл – Путин мен АҚШ президентінің 2021 жылдың маусымында Женевада Джо Байденмен болған келіссөзден бері алғашқы бетпе-бет кездесуі болмақ. Ол кездесу Ресейдің Украинаға толық көлемді басқыншылығынан сегіз ай бұрын өткен еді.
8 тамыз – Трамп белгілеген соңғы мерзім. Осы күнге дейін Путин бітім туралы келісімге келмесе, Ресей экономикасына қарсы қатаң санкциялар енгізілмек. Оған қоса, Ресеймен сауда жасайтын мемлекеттерге екінші деңгейлі шектеулер салу ықтималдығы бар.
Трамп осы аптада Үндістаннан келетін тауарларға 50 пайыздық баж салығын енгізді. Ақ үйдің мәлімдеуінше, бұл шешімнің бір себебі – Үндістанның Ресей мұнайын сатып алуы.
Трамптың өкілі Стив Уиткофф сәрсенбі күні Мәскеуде Владимир Путинмен бірнеше сағат келіссөз жүргізіп, оны «өте нәтижелі» деп атады. Ақ үй де, Кремль де Путин мен Трамптың саммитіне қарсы емес екенін мәлімдеді.
Менің ойымша, президент Путин де, Зеленский де бейбітшілік орнағанын қалайды, – деді АҚШ президенті журналистерге.
Дегенмен, ықтимал бітімнің нақты шарттары әзірге белгісіз. Ресей басшылығы бұған дейін Украинадан шығыстың едәуір бөлігінен әскерін шығаруды және НАТО-ға қосылу ниетін тоқтатуды талап еткен. Зеленский бұл талаптарды орындаудан бас тартқан. Трамп сонымен қатар Ресей мен Украина арасында «территория алмасу» мүмкіндігін болжады.
Еске салсақ, АҚШ пен Ресей тарапы Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуі 15 тамызда Аляскада өтетінін растады.