БАҚ пен мемлекеттік органдарға лаңкестік сипаттағы хабарламалар жолданған
Бірнеше бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының Telegram аккаунтына және мемлекеттік органдардың мекенжайларына лаңкестік сипаттағы қауіп-қатер бар хабарламалар келіп түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері бірнеше телефондарды, сондай-ақ олардың иелері мен пайдаланушыларын анықтаған.Тексеру кезінде олардың арасында Қазақстанның қарапайым азаматтары, оның ішінде кәмелетке толмағандар да бар болып шықты, бірақ олардың пошта жөнелтілімдеріне қатысы бар екені расталмады, - делінген хабарламада.
Олардың барлығы Telegram мессенджерінің белгісіз қолданушылары тарапынан "сваттингтің" (құқық қорғау органдарын хакерленген адресаттарға шақыру үшін ауыр құқық бұзушылықтар туралы жалған хабарламалар) құрбандары болды деп болжануда.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары құқық бұзушыларды анықтап, көрінеу жалған хабарламалары үшін еліміздің заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартуда.
Полицияның хабарлауынша, жағдай құқық қорғау органдарының толық бақылауында. Алаңдауға негіз жоқ.