БАҚ өкілдерінің мерекесінде ақтөбелік журналистер марапатталды
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнінде ақтөбелік журналистер марапатталды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Мерекелік шара қала сыртындағы «Көкжайлау» демалыс базасында өтті. Аталған шарада Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов БАҚ өкілдерін мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы» деген болатын. Сол сияқты ақпарат саласы — бұл қалың бұқара билік арасындағы алтын көпір. Бүгінде Ақтөбе облысының халқы сіздердің шығармашылық еңбектеріңізді, адалдық пен түбегейліктеріңізді бағалайды. Сіздердің жазған әрбір мақалаларыңызда, дайындаған сюжеттеріңізде елдің мұңы мен мұқтажы, ойы мен пікірі, талабы мен тілегі, қоғам дамуының тынысы айқын көрініс тауып отыр. Сондықтан осынау қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметтеріңізде толағай табысқа жете берулеріңізге тілектестік білдіремін, - деді облыс әкімі.
Құттықтау сөзінен кейін облыс әкімі бір топ БАҚ саласының қызметкеріне «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің арнайы Алғыс хаттарын табыс етті. Сондай-ақ шарада бір топ журналист облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Ақтөбе қаласы әкімі мен облыстық басқармалардың Алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысында 40-тан астам бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді.
Мерекелік шарада марапатталғандардың бірі — облыстық «Ақтөбе» газетінің фототілшісі Хайреден Раушанов. Бүгінде облысқа «фотограф Хайреден» деген атпен танымал бұл кісінің бұған дейін жеткен жетістігі көп. Ал биыл ол облыс әкімінің қолынан «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін алып отыр.
Менің облыстық газетте жұмыс жасап келе жатқаныма отыз жылға жуық уақыт болды. Осы күнге дейін облыста болған тарихи оқиғалар, мемлекеттік, қоғамдық, саяси және рухани маңызы бар сәттердің бәрі — менің объективімде. Қазір өткен архивтерді алып қарасам, Ақтөбе облысында ашылған кәсіпорындар, қаланың даму көрінісі, облыс халқының тұрмыс-тіршілігі - барлығы менің көз алдымнан өткен екен. Әрине, оның барлығы тұнған тарих, жақсы дүниелердің куәсі деп есептеймін. Ал бүгінгі мерекеде сол еңбегімнің еленгені - менің жыл бойы жасаған жұмысымның жемісі. Сондықтан осынау кәсіби мерекемізде барша қазақстандық әріптестерімді мерекемен құттықтаймын, - дейді фототілші.
Хайреден Раушановтың өзі айтқандай, фототілші ол үнемі жұмыс үстінде жүреді. Осы мерекелік шараның өзінде ол барлық марапатталушылардың әрқайсысының жымиған күлкісін, қуанышты дидарын, шынайы алғысын шырт еткізіп, қолындағы объективіне түсіріп алған. Қай кезде де көтеріңкі көңіл-күйде жүретін, айналасына тек позитивпен қарайтын фототілшіні облыстың үлкен-кішісі жақсы таниды. Кейбіреулер тіпті «Хайреденнен сурет ала алмай жүр едік» деп газет редакциясына да хабарласады екен.
Тәжірибесі мол, бүгінде талай жетістікке жеткен фототілші — ҚР Журналистер Одағы мен фотосуретшілер одағының мүшесі. Ол облыстық «Ақтөбе» газетінде 1996 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жалпы еңбек жолын облыста мәдениет саласында бастаған.
Бүгінде Ақтөбе облысында газетте де, телеарнада да, радиода да, сондай-ақ баспасөз қызметінде де абыройлы еңбек етіп жүрген әріптестеріміз жетерлік. Олар жыл бойы қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан, сюжет жасап, мақала жазып, түрлі танымал тұлғалармен сұхбат ұйымдастырады. Біз осынау мерекеде бірқатар әріптесімізбен тілдескен едік.
Ақтөбе облыстық «Amanat» партиясы филиалының баспасөз хатшысы Меңтай Бектұрсынова журналистика мен партия жұмысын бір-бірімен ұштастырып жүрген маман. Ол журналист ретінде облыс халқы мен биліктің арасындағы көпір болса, баспасөз хатшысы ретінде сайлаушыларға партияның бастамалары мен атқарып жатқан жұмыстарын әлеуметтік желілер арқылы үздіксіз жеткізіп отырады.
Менің міндетім — облыс халқына партия тарапынан жасалып жатқан жұмыстар мен ұйымдастырылған іс-шараларды құлағдар етіп, халықтың мәселесін жауапты мамандарға жеткізу. Бұрын біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшілікке маңызды жаңалықтарды хабарлап отырсақ, қазір мұның бәрін әлеуметтік желілер арқылы да бөлісіп отырамыз. Менің міндетім тек ақпарат таратумен шектелмейді, партия құрамындағы депутаттармен бірге жүріп, ауыл-аймақтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, көтерілген мәселелердің оңтайлы шешілуіне атсалысу, - дейді ол.
Шынында да, баспасөз хатшысының еңбегі әлеуметтік желілердегі ақпараттық парақшалар мен өткізген шаралардың санымен емес, олардың нәтижелі жұмысы туралы қанша бұқаралық ақпарат құралы жазғанымен бағаланады. Бұл тұрғыда Меңтай алда келе жатыр деуге болады. Себебі жыл бойы облыстағы БАҚ өкілдері «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарып жатқан жұмыстары мен өткізіп жатқан шараларын үздіксіз өз хабарларында беріп отырады, ақпарат ретінде оқырмандарға жазып, жеткізеді.
Меңтайдың «Amanat» партиясында жұмыс жасап жүргеніне биыл 8 жыл болыпты. Осы күнге дейін талай облыстық филиал басшысы ауысты. Ал Меңтай болса өзінің ұқыптылығымен, білімімен, жан-жақтылығымен көзге түсіп, осы салада абыройлы, жемісті еңбек етіп келеді. Мәселен, ол бұған дейін бірнеше рет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен, «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысының Алғыс хаттарына ие болды. Сондай-ақ ҚР Журналистер одағының мүшесі. Мерекеде біз Меңтайға шығармашылық табыстар мен жаңа жетістіктер тілейміз.
Біздің тағы бір кейіпкеріміз — бүгінде жас та болса, телеарна арқылы көпшілікке танылып үлгерген тележүргізуші Амангелді Иманғазиев.
Амангелді өткен жылы ғана Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін «қазақ филологиясы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол бала кезгі арманына қол жеткізу үшін көп еңбектеніпті. Ол бұл туралы ағынан жарылып, бар әңгімесін айтып берді.
Мен телеарнаға алғаш рет 3-курс оқып жүргенімде келген едім. Ол кезде телеарнада жұмыс жасау үшін қандай талап қойылатынын білмедім. Сонда да сол кездегі Aqtobe телеарнасы директорының орынбасары Қонысбек Терекұлының алдына барып, өзімнің осы телеарнада жұмыс жасағым келетінін айттым. Ол кісі мені үнсіз тыңдап, кейін тележүргізуші керек болса хабарласатынын айтып, шығарып салды. Сөйтіп жүргенде арада 4-5 ай өткен соң, өзі хабарласып, «Кел, проба жасаймыз!» деп шақырып алды. Камерадан түрім ұнамағанына сенімдімін. Сымбатты деп айтатын келбетім де жоқ. Бірақ дауысым ұнапты. Сөйтіп, ақыры өткен жылдың шілдесінде дипломымды алып, осы қызметке орналастым. Содан бері абыройлы еңбек етіп келемін, - деді ол.
Амангелді алғашында «Қайырлы таң, Ақтөбе!» ақпараттық-сазды бағдарламасын жүргізген. Ал биыл оның мойнындағы жүгі артып, қазір ол алты бағдарламаға жүргізуші болып отыр. Атап айтсақ, «Қайырлы таң, Ақтөбе», «Әділетті Қазақстан», «Ақпараттық сағат», «Ауыл аманаты», «Қазақша подкаст» бағдарламалары мен «Ойтүрткі» ток-шоуы.
Aqtobe телеарнасы - бұл ақтөбелік тележурналистердің ұстаханасы. Себебі бүгінде бұл жерде ұзақ жылдар қызмет етіп, кейін республикаға танылған журналистердің қатары көп. Сондықтан Амангелді үшін осындай киелі шаңырақта жұмыс жасап, тәжірибе жинақтау - бұл үлкен жетістік.
Жалпы адам үшін қай жерде жұмыс жасағаны маңызды емес, қалай жұмыс жасағаны маңызды. Бұл пікірмен жас маман да келіседі.
Облыстық телеарнада еңбек ету - екінің біріне бұйырмайтын бақ. Сондықтан қазіргі жұмысымды жақсы көремін. Мұнда келіп, Венера Хакимғалиқызы, Бибігүл Ерболатқызы сияқты тәжірибелі әріптестерімнен бағдарлама, хабар дайындаудың қыр-сырын меңгердім. Жалпы телеарнада әр бағдарламаның өз ерекшелігі бар. Мәселен, мен қазір «Әділетті Қазақстан» және «Ақпараттық сағат» бағдарламасын жүргізе отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғаймын. Бұл бағдарламаларда біз көрермендердің әр түрлі тақырыптағы проблемаларға деген көзқарасын біліп, жауапты органдардың өкілдерінің жасап жатқан жұмысын көрсетеміз, сол сияқты түрлі саладағы басқа да мәселелерді қамтимыз, - дейді ол.
Телеарнада еңбек еткеніне бір жыл болса да, бүгінде пысықтығымен, білімімен, еңбекқорлығымен көзге түскен Амангелдіге алда зор жетістіктерге қол жеткізіп, жоғарыдағы аға-апалары сияқты үлкен марапаттарға ие болуын тілейміз.