БАҚ өкілдері Өскемен қаласы әкімінің кубогын сарапқа салды
Өскеменде шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында Өскемен қаласы әкімінің кубогын сарапқа салған республикалық турнир өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қала күні мерекесіне орай ұйымдастырылған футбол тойын өткізудегі басты мақсат – журналистер арасындағы достық қарым-қатынасты, әріптестік байланысты нығайту, бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын насихаттау.
Бұл турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда Астана, Алматы, Тараз, Талдықорған, Семей, Өскемен сияқты еліміздің бірнеше қаласынан, Абай облысының Көкпекті ауданынан жиыны 8 команда қатысты. Олар екі топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Тартысты өткен ойындардың нәтижесінде өз тобында жоғары ұпай жинаған төрт команда жартылай финалға жолдам алды. Жартылай финалда астаналық «Qaz365.kz» пен «Қазмедиа», сондай-ақ белгілі қаламгер Есболат Айдабосын жетекшілік еткен талдықорғандық «Қарекет» пен Тараз қаласынан келген «Тараз пресс» командалары өзара шеберлік байқасты. Финалға берілетін жолдама үшін болған ойындарда елордалық «Qaz365.kz» қарсыласынан басым түссе, екінші жұпта «Қарекеттің» асығы алшы түсті. Сөйтіп финалға «Qaz365.kz» пен «Қарекет» шықса, «Қазмедиа» мен «Тараз пресс» қола жүлдеге таласты. Турнир қорытындысы бойынша «Тараз пресс» қола жүлдегер атанып, 400 мың теңге ақшалай сыйақыға ие болды. Ал финалда қарсыласпен тең дәрежеде ойын көрсетіп, тек бір ғана сәтті мүлт кеткен «Қарекеттің» жігіттері күміс жүлде мен 700 мың теңгенің сертификатына ие болды. Ал чемпиондық атанған «Qaz365.kz» командасы Өскемен қаласы әкімінің кубогы мен 1 миллион теңгенің сертификатын жеңіп алды. Бұл турнирде шебер ойын өрнегін көрсеткен журналистер де шет қалмай, лайықты марапатқа қол жеткізді. Атап айтқанда, турнирдің «Үздік ойыншысы» номинациясы «Qaz365.kz» командасының ойыншысы Бақытжан Масақовқа берілді. Ең көп гол салған «Қазмедиа» өкілі Елдос Өмірхан «Үздік сұрмерген» атанса, тараздық Жасұлан Айтқұлов «Үздік қорғаушы» аталымын, жетісулық Самат Есентайұлы «Үздік қақпашы» атанды. Жекелей номинация иегерлеріне естелік мүсіншелер мен 50 мың теңгенің сертификаты берілді.
Кенді Алтайдың төрінде өтіп жатқан осынау футбол мерекесі құтты болсын. Спорт болған соң жүлдеге таласып, мықтыны анықтау қажет әрине, дегенмен бұндай шаралардың басты мақсаты БАҚ қызметкерлері арасындағы әріптестік, достық байланысты арттыру, салауатты өмірді насихаттау. Журналистерге осындай керемет тимбилдинг ұйымдастырып жатқан Өскемен қаласының әкімдігіне рахмет, – деді жарысқа келіп, «Қазмедиа» командасының сапында өнер көрсеткен БАҚ лига Қазақстан журналистер лигасының жетекшісі Әзиз Жұмаділ.
Фото: Аяужан Утеулинова