БАҚ өкілдері экстремалды журналистикамен танысады
Қорғаныс министрлігінің “Әскери дискурс – 2024” оқу-практикалық семинары басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Семинарға қатысу үшін Алматы облысындағы 20030 әскери бөліміне Астана, Алматы, Қонаев қалаларының БАҚ өкілдері мен бірқатар блогерлер келді.
4 күндік әскери дискурстың алғашқы күні қатысушыларды бөлімге орналастыру мен ішкі ережелермен таныстыруға арналды.
Сіздерге экстремалды журналистика бойынша сабақтар өткізіледі. Дайындалған нұсқаушылар геосаяси жағдайды ескеріп, сіздерді қарулы қақтығыс кезіндегі іс-әрекет әдісі туралы ережелермен таныстырады, - деді дискурсқа жауапты полковник Бақыт Сыдықов.
Ол “Әскери дискурс – 2024” барысында назарды неде ұстау керегін түсіндірді.
Біріншісі әрі ең маңыздысы – қауіпсіздік ережелерін сақтау. Өйткені біреулеріңіз жарақат алсаңыздар, біздің міндет орындалмады деген сөз. Екіншісі – барлық істе жинақылық, әрекеттің реттілігі және тәртіп, - деді полковник.
Сондай-ақ семинар қатысушыларына мәдени демалыс ұйымдастырылып, Қонаев қаласындағы ретро автокөліктер көрмесі көрсетілді. Ал алдағы екі күнде олар экстремалды журналистикамен теориялық және практикалық түрде танысады.