Бәпи Қожамжаров туралы: Кінәсі дәлелденсе, Ресейден алдыртамыз
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Антикордың бұрынғы басшысы Қайрат Қожамжаровтың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қожамжаров сияқты елдің құзыретті органында басшылық қызметте істеп, қалыптасқан заң нормаларын бұзса, онда кез келген адам лауазымына, кім екеніне қарамай, заңға тартылуы қажет. Қазір ол Ресейге барып, құзыретті, лауазымды тұлғалардың қол астына кіріп алып, саяси баспана тапқан сияқты. Бірақ бізде Ресеймен заңға тартылған адамдарды бір-біріне беру туралы келісім бар. Қазір тергеу басталды. Тергеудің нәтижесі бойынша Қожамжаровтың қылмысы дәлелденсе, онда оны Ресейден алдыртуға талап қоюға хақымыз бар, - деді депутат.
Бәпидің Қожамжаровпен жеке таныстығы болмаған. Оның қызметі жайлы тек баспасөз беттерінен хабардар болған.
Бұған дейін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ, 2025 жылғы 8 наурызда белгілі болғандай, ҚР Бас прокуратурасы бұрынғы сенатор, Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінің экс-төрағасы Қайрат Қожамжаровтың "Қорғас ісіне" қатысы барын растады.
Бүгін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та осы мәселеге қатысты ойын айтқан болатын.