Бапи әкенің рөлін көтеру үшін "Отағасы туралы" заң қабылдауды ұсынды
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бапи әкелердің рөлі төмендеп кеткенін айтып, оны көтеру үшін ұсыныс айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат өз сөзінде әкелердің рөлі төмендеп бара жатқанына алаңдады.
Біз осы заң жобасының табиғатынан әкенің рөлін, ер-азаматтың рөлін “сүмірейтіп” жіберген жоқпыз ба? Осы жөнінде заң жобасының авторы ретінде сіздің (Жұлдыз Сүлейменова – ред.) жеке пікіріңізді білгім келеді. Бұл заң жобасы негізінен жалпы қазақстандық мүддені қорғайды ғой... Бұл жерде ұлт, ұлыс деген жоқ. Бірақ назарымыздан шығармайтын бір мәселе бар. Қазақстан халқының 70%-дан астамы қазақ екенін білеміз. Осы залда отырғандардың көпшілігі “әкең келе жатыр”, “осыдан әкең келсін, әкең сазайыңды береді” деген тәрбиемен өстік. Осы тұрғыдан келгенде бір әкенің, ер-азаматтың рөлін көтеру үшін бәлкім отағасы туралы заң қабылдауымыз керек шығар?!. Сіздің өз ойыңыз қандай, соны білгім келеді, - деп сұрады депутат Бапи әріптесі Жұлдыз Сүлейменовадан.
Депутаттар Ермұрат Бапидің ұсынысына қол шапалақтап, қолдады.
Ал Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова әріптесінің сұрағына жауап берді.
Менің жеке позициям: әке – асқар тау. Әкенің орны да, рөлі де қазақтың тәрбиесінде, қазақтың отбасы институтында ерекше. Егер ұлт және ұлттың болашағы десек, онда “әке” деген сөзбен олардың түгел байланысып, сабақтасып жатқанын білеміз. Бірақ біз бұл заңмен бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйелдің бүгінгі таңда тұрмыстағы қарым-қатынасына патриархалды озбырлығына тосқауыл қоятын баптарды енгізіп отырмыз, - деді депутат.