Бәпи: 2000 адамнан құралған резервтегі әскер жасақтау басталды
Бұл туралы Мәжіліс кулуарында депутат Ермұрат Бәпи айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұрын Қарулы Күштерде "мерзімді әскери қызметші" ("срочниктер") мен келісімшарт бойынша әскери қызметші ("контрактниктер") болған, енді резервтегі қызмет болады. Бұл келісімшарт азаматпен ерікті негізде жасалады. Ол Қорғаныс министрлігі мен азаматтың арасында жасалады, - деді ол.
Депутат заңның негізгі мақсаты неде екенін түсіндірді.
Негізгі мақсат – әскердің санын көбейтпей, бірақ дайын тұрған резервтегі әскер жасақтаймыз. Қазір алғашқы бригаданы жасақтау басталып кетті. Шамамен 2000 адам. Бригаданы құру жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді Бәпи.
Ол бұл жұмыс қандай да бір қауіп-қатерлерге алдын ала дайындық үшін жасалып жатқанын айтты.
Қазір бүкіл әлем теңселіп тұр, оған қоса іргемізде соғыс жүріп жатыр. Сол себепті бұл мүмкін болатын әлдебір қауіп-қатерлерге, туып қалуы мүмкін қатерлерге елдік, мемлекеттік, ұлттық тұрғыда дайындығымыз, - дейді Мәжіліс депутаты.
Резервке кірген азаматтар алдымен денсаулығын тексеріп, тесттен өтеді, соңында Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырады. Резервке енген азаматтар жылына жылына екі рет әскери жиынға жиналады және жыл ішінде бірнеше әскери сабақтан өтеді.
Депутаттың сөзінше, бірінші кезекте әскери дайындығы бар не болмаса әскерде қызмет еткен азаматтармен келісімшарт жасалады.
Бұған дейін Қазақстанда 2025 жылдан бастап резервтік қызмет енгізілетінін және резервте қандай әскери адам болуы керектігі туралы жазған едік.