Бағдат Үйсінбай: Праймериз – елдің дамуына бейжай қарамайтын жастар үшін жақсы мүмкіндік

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Шымкент қаласынан праймеризге қатысып жатқан журналист әрі Nur Otan партиясының белсенді мүшесі Бағдат Үйсінбай тілдесу барысында айтты.

Оның айтуынша, праймериз - белсенді және бастамашыл азаматтардың жеке жауапкершілігін арттыру үшін маңызды сайлау.

Nur Otan партиясы ел тарихында алғаш рет партияішілік сайлауды праймериз ретінде, яғни жаңа форматта өткізгелі отыр. Бұл шешім қоғамның өзекті мәселелерін жан-жақты зерттеу, елдің дамуын талқылау үшін жасалып жатыр. Өз басым бұл мәселені қолдаймын. Онда барлығы ашық, айқын өтеді және таңдау онлайн, оффлайн өткізіледі деп жатыр, - дейді ол.
Бағдат әрдайым жастармен тығыз жұмыс істейтін болғандықтан негізінен осы жастардың мәселесін көтеріп, ұсыныстар айтқысы келетінін жеткізді. 
Өзімнің басты ұстанымым жалпы жастар жағы болсын, үлкендер болсын халқыма қызмет еткім келеді. Жастар елдің болашағы, олардың жарқын өмір сүруі үшін мемлекет барлық жағдайды жасауда. Дей тұрғанымен жастарды жұмыспен және тұрғын үймен қамту мәселесіне көп көңіл бөлу қажет деп ойлаймын. Осы тұста қарапайым ережелерді ұстана отырып, аталған мәселелерді оңай шешу жолдарын ойластыру керек. Мәселен, жұмыссыздықты шешу үшін орта білім алған жастарға тағы бір мүмкіндік қарастарып, олардың жоғары білім алуына жағдай жасау маңызды. Яғни, мемлекеттік гранттар бөлу қажет. Ал жоғары оқу орындарын бітірген жастарды білімін жетілдіру үшін шетелге жіберіп, тәжірибелерін арттырып, алған білімін ел игілігіне жұмсауға барынша жағдай жасау керек, - дейді Бағдат Үйсінбай. 

Сонымен қатар, белсенді елдегі әлеуметтік жағдай бойынша да көптеген ұсынысы бар екенін айтты.

Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында әрбір туған балаға берілетін жөргекпұлдың мөлшерін 100 АЕК мөлшеріне дейін көтерсек деген ой бар. Бала туған кезде күтіміне берілетін көмекті 3 жылға дейін созсақ, зейнетке шығу жасын төмендету бойынша да мәселе көтерсек деп отырмын. Дәрігерлердің жалақысын көтеру, елді мекендердегі инфрақұрылымды жақсарту сияқты ұсыныстарымыз бар. Одан бөлек, еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күресу жолында да ұсыныстарымыз бар, - дейді ол. 

Оның айтуынша, жемқорлықтың алдын алмайынша елдің дамуы тежеле береді. Оны құрту үшін адамға ең бастысы білім керек. Сол үшін жастарды білімге, алға ұмтылуға, жаңаша инновациялық мәселелермен айналысуына көптеп көңіл бөлу керегін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы