Кеше 2026, 10:43 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Банктердің былтырғы табысы қандай болды, биыл нарық қай бағытта өзгерді?

Депозиттер салымы көбейген. Жеке тұлғалар қарызы да ұлғайды.

Қазақстанның банк жүйесі соңғы екі жылда айтарлықтай трансформация кезеңінен өтті. Егер өткен жылдың қорытындысына қарасақ, сектор бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша өсім көрсеткен. Ал биылғы ахуал сол динамиканың жалғасып жатқанын, бірақ кей бағыттарда қарқынның өзгергенін аңғартады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Былтыр: активтер мен несие нарығы кеңейді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметіне сәйкес, өткен жылы елдегі екінші деңгейдегі банктердің жиынтық активтері 70 трлн теңгеден асып, жыл ішінде шамамен 15 пайызға артты. Бұл өсімге ең алдымен несие портфелінің кеңеюі әсер етті - қарыздар көлемі 21 пайыздан астам ұлғайған.

Экономикаға берілген кредиттер 40 трлн теңгеге жуықтады. Оның басым бөлігі ұлттық валютада рәсімделген. Шетел валютасындағы қарыздар да өсті, дегенмен жалпы құрылымда теңгедегі несиелер негізгі үлесті сақтап қалды, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ жыл ішінде банктер 39 трлн теңгеден астам жаңа қарыз берген. Алайда өсім қарқыны алдыңғы кезеңмен салыстырғанда баяулады. Бұған ақша-кредит саясатының қатаюы және тұтынушылық кредиттеуге қатысты реттеуші шаралар ықпал етті.

Бизнеске қаржы: ақпарат пен байланыс бағыты алда

Агенттік дерегіне сәйкес кәсіпкерлік секторға берілген кредиттер өткен жылы айтарлықтай көбейген. Жалпы көлемі 15 трлн теңгеден асып, соңғы онжылдықтағы ең жоғары өсім тіркелді.

Ірі бизнеске бағытталған қаржы айтарлықтай артты, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер сегменті де белсенді өсім көрсетті. Ал шағын және орта бизнеске берілетін кредиттер біршама қалыпты қарқынмен ұлғайды. Сарапшылар мұны нарықтық жағдайлардың өзгеруімен және баламалы қаржыландыру көздерінің көбеюімен байланыстырады, - дейді агенттік.

Ал салалар бөлінісінде құрылыс, сауда және ақпараттық технологиялар саласы алдыңғы қатарға шықты. Әсіресе ақпарат пен байланыс бағыты ең жоғары өсімді көрсетті.

Жеке тұлғалар қарызы да ұлғайды

Жеке тұлғаларға берілген қарыздар ішінде ипотекалық несие көлемі артып, тұтынушылық қарыздар едәуір көбейген. Дегенмен кепілсіз тұтынушылық кредиттердің өсімі алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір баяулады.

Бұл ретте автонесиелеу ерекше қарқын алды. Автокөлік сатып алуға арналған қарыздар айтарлықтай өсті, - деп көрсетілген хабарламада.

Депозиттер салымы көбейген

Өткен жылы кредиттер бойынша орташа мөлшерлеме өсу бағытында болды. Бизнес үшін де, халық үшін де қарыз құны артты.

Депозиттік база да кеңейді. Салымдардың негізгі бөлігі ұлттық валютада орналастырылған. Соның нәтижесінде долларлану деңгейі төмендеу үрдісін жалғастырды. Бұл теңгеге деген сенімнің біршама күшейгенін көрсетеді, - дейді агенттік өкілдері.

Биылғы ахуал: тұрақтылық сақталып отыр

Биыл банк секторында 23 екінші деңгейдегі банк жұмыс істейді, олардың ішінде шетелдік қатысуы бар қаржы ұйымдары да бар.

 Сектор табыстылық көрсеткіштерін сақтап отыр: таза пайда триллиондап есептеледі, активтер мен капитал жеткіліктілігі деңгейі жоғары,-дейді агенттік.

Сонымен бірге реттеуші саясаттың ықпалы сезілуде – нарықтағы шамадан тыс тәуекелдердің алдын алу басты басымдыққа айналған. Тұтынушылық кредиттеу өсімі бақылауға алынғанымен, бизнеске бағытталған қаржыландыру жалғасуда екенін айтады.