Банктерді мемлекеттің ақшасымен құтқару дәуірі аяқталуы керек – депутат

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев банктер мен банк қызметі мәселелері бойынша заң жобасы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осы жылдың қыркүйек айындағы мәліметтерге сәйкес, халық пен бизнес субъектілерінің екінші деңгейлі банктер алдындағы жалпы қарызы 38,7 триллион теңгені құрады. Оның ішінде 24 триллион теңге жеке тұлғаларға берілген несие болса, олардың 70 пайызы тұтынушылық несиенің үлесіне тиесілі.

Микроқаржы ұйымдарына, ипотекалық компанияларға және өзге де квазимемлекеттік құрылымдарға берілген қарыздарды қоса алғанда, жалпы берешек шамамен 
48 триллион теңгеге жетеді. Жылдың бірінші жартысында бұл мекемелерге берілген негізгі қарыз көлемі 3,8 еседен астам өсті. 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздар сомасы 1,1 триллион теңгені құрайды.

Сонымен қатар, 2009-2020 жылдар аралығында банктерді құтқару және сауықтыруға бөлінген мемлекеттік қаражаттың жалпы көлемі 8,2 триллион теңге деп бағалануда. Бұл көмектің едәуір бөлігі ірі қаржы институттарын тұрақтандыру мен олардың проблемалық активтерін сатып алуға бағытталған.

Ресми статистикаға сәйкес, осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстанның банк секторының жалпы активтері шамамен 65 триллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артқан. Тек жылдың бірінші жартысының өзінде банктер 1,4 триллион теңге таза пайда тапқан.

Капиталдандыру деңгейі жоғары болғанымен, экономиканың нақты секторына салынған жалпы инвестициядағы банк несиелерінің үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Соңғы 10 жылда бұл көрсеткіш 9 пайыздан 3,5 пайызға дейін төмендеген. Бизнесті дамытуға салынатын негізгі инвестициялар екінші деңгейлі банктердің ұзақ мерзімді несиелерінен емес, компаниялардың меншікті қаражаты мен мемлекеттік қаржыландыру бағдарламалары есебінен жүзеге асуда, - дейді депутат.

Азаматтардың келісімінсіз несие рәсімдеуге байланысты онлайн-алаяқтық бүгінде күрделі мәселеге айналды. Кейбір жағдайларда банктер өз клиенттерінің жеке деректерінің сатылуы мен таралуына жанама түрде себепкер болып отыр.

Нәтижесінде, банк жүйесі экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналудың орнына елдің қаржы жүйесіндегі өзекті мәселелердің біріне айналды.

Қолданыстағы Банктер және банк қызметі туралы заңы осыдан 30 жыл бұрын қабылданды. Соңғы үш онжылдықта оған жүздеген түзету енгізіліп, бастапқы қағидаты айтарлықтай өзгерді, тіпті банктік лоббидің мүддесін көздейтін нормалар да қосылды. Бүгінде заңның құрылымы мен терминологиясы ескіріп, банк секторындағы қазіргі үрдістерді, атап айтқанда, финтех пен қаржы экожүйелерінің қарқынды дамуын толық қамтымай отыр. Сонымен бірге, банк секторының қоғам алдындағы жауапкершілік деңгейі төмен болып келді, өйткені қолданыстағы заңнамада банктік қызметті тоқтату тәртібі нақты реттелмеген. Қаралып отырған заң жобалары осы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған, - деді ол.

Жаңа заң жобасында банктерді бюджет қаражаты есебінен құтқару саясатының орнына алдын ала сауықтыру тетігі енгізілуде. Енді қаржылық тұрақтандырудың негізгі ауыртпалығы салық төлеушілерге емес, банктердің акционерлеріне жүктеледі. 

Мемлекеттік көмек банктерге тек соңғы шара ретінде көрсетіледі. Егер мемлекет банктің үлесін алатын болса, бұрынғы акционерлер басқару құқығынан айырылады және дивидендтер төленбейді. Принцип айқын: «акционерлердің жауапкершілігі мен қаражатты бюджетке қайтару қамтамасыз етілмейінше, қолдау көрсетілмейді».

Сонымен қатар, мінез-құлықты қадағалау тетігі енгізіледі – бұл банктердің клиенттерге деген қарым-қатынасын бақылау, әділетсіз тәжірибелер мен қызметтерді мәжбүрлеп ұсынуға тыйым салу. Біз бюджет қаражатының толық қайтарылуын, банк операцияларының ашықтығын, бәсекелестік ортаны дамытуды, цифрлық шешімдердің құқықтық мәртебесін айқындауды және рұқсатсыз жасалған транзакциялар үшін жауапкершілікті күшейтуді қамтамасыз етеміз. Ең бастысы – банк ресурстарын экономиканы қаржыландыруға және қаржы технологиясын дамытуға белсенді тарту көзделіп отыр. Әрине, бірқатар сын-пікірлер айтылды, бұл – «тыңдайтын мемлекет» қағидатының нақты көрінісі. Әріптестерімнің айтқандары қоғамдағы пікірдің басым бағытын көрсетеді, - деді депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы