Банктер мүгедектігі бар адамдарға несие бергісі келмейді – депутат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Екінші деңгейлі банктер мүгедектігі бар адамдарға несие бергісі келмейді.
Қазақстан Халық партиясының депутаттары осылай деп дабыл қағып, Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдады.
Мәжіліске ҚХП атынан сайланған депутат Ғазиз Құлахметов мүмкіндігі шектеулі азаматтар банктерде әкімшілік және физикалық кедергімен бетпе-бет келетінін айтты. Адамдарға мүгедектігіне байланысты несие беруден бас тартылады. Олар пандустар мен тактильді бағыттаушылардың болмауына байланысты банк ғимаратына кіре алмайды.
Мүгедектігі бар адамдар кассаларға жүгіну мүмкіндігінен айырылған, себебі терезелер тым жоғары орналасқан. Олар агрегаттардың арбамен жүретін және нашар көретін адамдардың қажеттілігіне бейімделмеуінің салдарынан банкоматтарды да пайдалана алмайды. Мүгедектігі бар адамдарға Халықаралық стандартқа сай болмауына байланысты банктердің мобильді қосымшалары да қолжетімсіз.
Қаржыгерлер мүгедектігі бар адамдарды әлеуетті клиент санамайды. Бұған қоса олардың кейбіреулерінде: «Мүгедектігі бар адам несие алса, кейін оны қайтармау үшін рақымшылық жасауды сұрайды» деген фобия қалыптасқан. Шындығында бұлай емес, – деді Ғазиз Құлахметов.
Депутаттың айтуынша, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері кіретін Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі жанындағы жұмыс тобы мүгедектігі бар клиенттерге қызмет көрсету бойынша әдістемелік ұсыным әзірледі. Алайда банктер бұл құжаттың ұсынымдық сипатқа ие екеніне сілтеме жасап, мүгедектігі бар адамдарға несие беруге асықпай отыр.
Біз жағдайды зерделей келе мүгедектігі бар клиенттерге қызмет көрсету бойынша қолданыстағы әдістемелік ұсынымды мүгедектігі бар адамдар үшін қаржылық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету туралы стандартқа айналдыру қажет деген байламға келдік, – деді Мәжіліске ҚХП атынан сайланған депутат.