Бүгiн 2026, 11:04 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Банктер экономиканы несиелеуге құлықсыз – сарапшы

Сарапшы талдау жасап, жүйелі проблемаларды атады.

Қазақстанда банктер, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) және экономиканы несиелеу мәселесі қайтадан өзекті тақырыпқа айналды. Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов бұл бағыттағы негізгі үрдістер мен тәуекелдерге талдау жасап, жүйелі проблемаларды атады.

Сарапшының айтуынша, бүгінде мемлекеттік органдар банктердің экономиканы жеткілікті деңгейде несиелемейтінін жиі сынға алады. Ал банктер өз кезегінде сапалы қарыз алушылардың аздығын алға тартады. МҚҰ болса, керісінше, банктердің реттеуді шамадан тыс қатаңдатуға ықпал етіп отырғанын айтып отыр.

Рысмамбетовтің сөзінше, соңғы жылдары технологиялардың арзандауы мен клиентті бағалау жүйесінің жеңілдеуі микроқаржы ұйымдарына үлкен мүмкіндік берген.

Қазақстандық МҚҰ тұтынушылық несие нарығын белсенді игеріп алды. Қазір адамдар жаңа немесе қолданылған iPhone-ды банктен емес, МҚҰ арқылы несиеге ала береді, – дейді ол.

Сарапшы ұзақ мерзімді корпоративтік несиелеу сегменті іс жүзінде әлсірегенін атап өтті. Оның пікірінше, теңге бағамының құбылмалылығы бұл нарықты мемлекет кепілдігінсіз тартымсыз етіп жіберген.

Бір кезеңде корпоративтік несиелердің шамамен 40 пайызы мемлекеттік субсидияға тәуелді болды. Банктер мұндай жағдайда тәуекелге барғысы келмейді, – деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі таңда банктер үшін негізгі бағыт – тұтынушылық несие, мемлекеттік бағалы қағаздар және өздерінің ірі клиенттері ғана. Ал орта және ірі бизнестің инвестициялық белсенділігі төмен күйінде қалып отыр.

Қарыз қаражаты қымбат, ал бизнестен шығу салыстырмалы түрде оңай. Сондықтан нарықта мемлекеттік қағаздар мен тұтынушылық несиелер ғана қалды, – деп түсіндірді сарапшы.

Рысмамбетов мемлекет алдында күрделі таңдау тұрғанын айтады.

Не банктерге нарықты толық беріп, МҚҰ-ларды ығыстыру керек, не керісінше – бәсекені күшейтіп, банктерді шағын, орта және ірі бизнесті несиелеуге итермелеу қажет, – деді ол.

Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдайда экономиканы ірі көлемде қаржыландыратын негізгі күш – мемлекет.

Ұлттық қордан трансферттер қысқарып жатыр, бұл инфляцияны баяулатуы мүмкін. Бірақ ірі жобаларды несиелеудің жалғыз көзі әлі де мемлекет болып отыр, – деді ол.

Сонымен қатар ол қаржы ағындарын бақылау саяси тұрақтылыққа да әсер ететінін атап өтті.

Кэш пен несиелерді бақылау артық белсенділікті шектейді. Бірақ нарық тым «тәртіпке көнсе», мемлекет әлсіреген кезде бизнес шетелдік банктерге кетуі немесе мүлде жабылып қалуы мүмкін, – дейді Рысмамбетов.

Ол финтех пен peer-to-peer несиелеу экономиканы толыққанды қаржыландыра алмайтынын да атап өтті.

Мұндай құралдар тек шағын жобаларға жетеді. Үлкен экономиканы олар көтере алмайды, – деді сарапшы.

Рысмамбетов жүйелі шешім қажеттігін айтты.

Тұтынушылық несиелеуді МҚҰ мен микробанктерге қалдырып, банктерге орта бизнесті несиелеуге ынталандыру керек. Сапалы қарыз алушылар өздігінен пайда болмайды – оларды қалыптастыру қажет, – деп түйіндеді ол.

Оқи отырыңыз: Азия елдері экономикасының рейтингі: Қазақстан қай орында тұр?