Банктер депозит пайызын төмендетіп жатыр: Ақшаны қайда салған тиімді?
Экономист Бауыржан Ысқақ депозит мөлшерлемелерінің төмендеуіне базалық мөлшерлеменің өзгеруі әсер ететінін айтып, салымшыларға жинақтарын әртараптандыруды ұсынды.
Қазақстанда базалық мөлшерлеменің төмендеуі депозит нарығына да әсер етіп жатыр. Ұлттық банк 2026 жылғы шілдеде базалық мөлшерлемені 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендетті. Осыдан кейін бірқатар банк депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін қайта қарай бастады.
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, базалық мөлшерлеме төмендеген кезде банктер үшін нарықтағы ақша ресурстарының құны да біртіндеп арзандайды. Соған байланысты банктер депозиттер бойынша бұрынғыдай жоғары сыйақы ұсынуға аса мүдделі болмайды.
Бірақ депозит мөлшерлемесі базалық мөлшерлемемен автоматты түрде бірге төмендемейді. Оған банктің өтімділігі, несиеге деген сұраныс, бәсекелестік, инфляциялық күтулер және халықтың жинақтау белсенділігі де әсер етеді. Сондықтан қазіргі жағдайда депозит мөлшерлемелерінің өзгеруін базалық мөлшерлеменің төмендеуі мен банктердің ресурстарға деген қажеттілігінің өзгеруінің жиынтық нәтижесі деп бағалаған дұрыс, – деді Бауыржан Ысқақ.
10 млн теңге депозиттен қанша табыс түседі?
Қаржы сарапшысының сөзінше, депозит мөлшерлемесінің төмендеуі салымшының табысына тікелей әсер етеді. Мысалы, депозит мөлшерлемесі 17%-дан 15%-ға төмендесе, 10 млн теңге салым бойынша жылдық номиналды сыйақы 1,7 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін азаяды. Яғни айырмашылық – 200 мың теңге.
Ал мөлшерлеме 17%-дан 14%-ға түссе, 10 млн теңге депозит бойынша жылдық сыйақы арасындағы айырмашылық 300 мың теңгеге дейін жетеді.
Дегенмен бұл – қарапайым номиналды есеп. Нақты табысты бағалау кезінде инфляцияны және депозит шарттарындағы капиталдандыру тәртібін де ескеру қажет.
Салымшы үшін маңыздысы – депозит қанша пайыз береді деген сұрақ қана емес, инфляцияны есептегеннен кейін нақты қанша табыс қалатыны. Осыған назар аудару керек, – деп түсіндірді экономист.
Депозитті жауып, ақшаны басқа құралға салу керек пе?
Бауыржан Ысқақтың пікірінше, депозит мөлшерлемесі төмендеді екен деп, салымды бірден жауып тастаудың қажеті жоқ.
Депозиттің негізгі артықшылығы – қарапайымдылығы, өтімділігі және тәуекелінің салыстырмалы түрде төмен болуы. Егер адамға ақша жақын арада қажет болуы мүмкін болса немесе ол инвестициялық тәуекелге дайын болмаса, депозитте қалдырған дұрыс, – деді ол.
Ал ұзақ мерзімге арналған ақшаны бір ғана құралда сақтамай, бірнеше бағытқа бөліп орналастыруға болады. Мысалы, қаражаттың бір бөлігін депозитте қалдырып, екінші бөлігін облигацияларға немесе мемлекеттік бағалы қағаздарға салуға болады.
Мәселе депозиттен қашуда емес, жинақты әртараптандыруда, – деді сарапшы.
Депозиттен басқа ақшаны қайда салуға болады?
Экономист мөлшерлемелер төмендеген жағдайда облигациялар, мемлекеттік бағалы қағаздар және инвестициялық қорлар сияқты құралдарды да қарастыруға болатынын айтты.
Оның айтуынша, мемлекеттік бағалы қағаздар салыстырмалы түрде төмен тәуекелді құралдардың бірі саналады. Ал корпоративтік облигациялардың табыстылығы жоғары болуы мүмкін, бірақ тәуекелі де жоғары.
Инвестициялық қорлар ұзақ мерзімге ақша салатын адамдарға қолайлы болуы мүмкін. Алайда олардың құны да өзгеріп отырады.
Менің қарапайым қағидам – барлық жұмыртқаны бір себетке салмау. Қаржылық резервті депозитте сақтап, ұзақ мерзімді капиталды инвестициялық құралдарға орналастыруға болады, – деді Бауыржан Ысқақ.
Базалық мөлшерлеме тағы төмендесе, депозит пайызы да түсе ме?
Экономистің пікірінше, базалық мөлшерлеме әрі қарай төмендеген жағдайда депозиттердің табыстылығы да төмендеуі мүмкін.
Егер инфляция тұрақты болып, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені әрі қарай төмендетсе, бұл депозиттердің табыстылығына қысым жасайды. Сондықтан салымшы үшін бір стратегия – жоғары мөлшерлеме ұсынылып тұрған кезде ұзақ мерзімді депозиттерді қарастыру. Бірақ мұнда да шарттарды мұқият оқу керек. Мерзімінен бұрын ақша шешіп алу талаптары, капиталдандыру және тиімді сыйақы мөлшерлемесі маңызды, – деді ол.
Ақшаны теңгеде ұстаған дұрыс па, әлде шетел валютасында ма?
Бауыржан Ысқақтың айтуынша, барлық ақшаны тек теңгеде немесе тек шетел валютасында сақтау міндетті емес.
Егер адамның негізгі шығындары теңгемен болса және қысқа немесе орта мерзімді қаржылық мақсаттары Қазақстанда болса, теңгелік депозиттің табыстылығы жоғары болғандықтан, оны таңдаудың мәні бар.
Ал валюталық жинақтың негізгі артықшылығы – жоғары пайыз емес, валюталық тәуекелден қорғану.
Теңге айтарлықтай әлсіреген жағдайда доллар активінің теңгедегі құны өсетіні белгілі. Сондықтан валютаны ең табысты инвестициялық құрал ретінде емес, портфельді теңгеретін құрал ретінде қарастырған жөн, – деді экономист.
Салымшы қазір не істеуі керек?
Сарапшының айтуынша, ең дұрыс стратегия – тек депозит мөлшерлемесіне емес, жеке қаржылық мақсатқа қарау.
Егер ақша үш-алты ай ішінде қажет болса, өтімділігі жоғары және тәуекелі төмен құралдарды таңдаған дұрыс. Ал бірнеше жылға арналған қаражатты депозитпен қатар облигацияларға, мемлекеттік бағалы қағаздарға және инвестициялық қорларға орналастыру мүмкіндігін қарастыруға болады.
Егер адамның 10 млн теңгесі болса, оның бәрін бір құралға салмай, қаржылық мақсатына қарай бөліп қарастыруға болады. Мысалы, бір бөлігін қауіпсіздік қоры ретінде сақтап, бір бөлігін теңгелік депозитке, тағы бір бөлігін ұзақ мерзімді инвестицияға бағыттауға болады, – деді Бауыржан Ысқақ.
Экономист базалық мөлшерлеме төмендеді деп депозиттен жаппай бас тартудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Оның орнына жинақ құрылымын қайта қарап, тәуекел мен табысты теңестіру маңызды.
Ең жақсы инвестиция – ең жоғары пайыз беретін емес, адамның мақсатына, мерзіміне және тәуекел деңгейіне сәйкес келетін инвестиция, – деп түсіндірді сарапшы.