Банктер адамдарға несие беруді азайта бастады
Екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) берген несиелер көлемі 2025 жылы 19,8%-ға өсіп, 24,8 трлн теңгеге жетті. Бұл өсім 2024 жылғы 23,9% көрсеткіштен төмен болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
Несиелер құрылымы мынадай: ипотекалық несиелер 14,6%-ға өсіп, 6,9 трлн теңге болды, ал тұтынушылық қарыздар 21,0%-ға артып, 16,7 трлн теңгеге жетті.
Кепілсіз тұтынушылық несиелердің өсім қарқыны 2024 жылғы 29,3%-дан өткен жылы 14,5%-ға дейін баяулады. Жаңа кепілсіз несиелер беру көлемі 2 есе қысқарып, 22,6%-дан 6,1%-ға дейін төмендеді. Тұтынушылық несиелеудің негізгі драйвері автонесиелер болды. Олардың көлемі 42,4%-ға өсіп, 4 трлн теңгеге жетті.
Ұлттық валютадағы заңды тұлғаларға берілетін несиелер бойынша орташа өлшенген пайыздық мөлшерлеме 2024 жылғы желтоқсандағы 19,7%-дан жыл ішінде 21,4%-ға дейін көтерілді, ал жеке тұлғалар үшін 17,0%-дан 18,3%-ға өсті.
Біз бұған дейін әлеуметтік желіде тараған "кредит кешіріліп жатқаны рас па?" деген сұраққа жауап берген едік.