Банкрот деп танылған азаматтарға қандай шектеулер қойылады?
Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» жаңа заңды түсіндіруге арналған семинарда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, банкроттықтың бірнеше салдары бар.
Банкроттықтан кейін пайда болатын салдарға тоқталсақ. 5 жылға несиелер мен кредиттер алу шектеледі. 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіну құқығы беріледі. 3 жыл қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады. Алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешектерді есептен шығарылмайды, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар вице-министр азаматтар наурыз айынан бастап банкроттыққа өтініш бере алады деп отыр.
Қаңтар-ақпан айларында қаржы министрлігі, Цифрлік даму министрлігімен бірлесіп кезең-кезеңімен ұйымдасытру-техникалық шараларды жүргізеді. Атап айтқанда, бүгінгі күні жұмыс атқарып жатқан банкроттық басқарушылар, аудиторлар, заң кеңесшілері мен кәсіби бухгалтерлері тарапынан қаржылық басқарушылар тізілімі қалыптастырылады. Қазіргі таңда ақпараттық жүйенің прототипі әзірленіп, оның тестілеу мен жетілдіру жұмыстары қолға алынды, - деді Ержан Біржанов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қаржы вице-министрі сот банкроттығы рәсімін кімдер жүзеге асыратыны туралы айтқан болатын.