Бүгiн 2026, 20:02 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Банкрот болуды рәсімдеу оңайлай түсті: Не өзгерді?

Қазақстанда банкроттық рәсімдері толық цифрлық форматқа көшіріліп жатыр.

Қазақстанда банкроттық рәсімдерін жеңілдету және қолжетімділігін арттыру мақсатында цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, бұған дейін жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалардың банкроттық рәсімдеріне қатысты көптеген құжаттар қағаз түрінде немесе әртүрлі ақпараттық жүйелер арқылы тапсырылып келген. Қазір бұл процестердің басым бөлігі электрондық форматқа ауыстырылған.

2024 жылдың қазан айынан бастап заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің оңалту және банкроттық рәсімдері Салық төлеушінің кабинеті арқылы қолжетімді болды. Бұл рәсім әкімшілері, кредиторлар және мемлекеттік кірістер органдары арасындағы өзара іс-қимылды айтарлықтай жеңілдеткен.

Ал 2026 жылдың басынан бері бірқатар жаңа электрондық сервистер іске қосылды. Атап айтқанда, банкроттық рәсімдер бойынша хабарландыруларды автоматты түрде қабылдау және жариялау жүйесі енгізілді. Сонымен қатар оңалту және банкроттық рәсімдерінің барысы туралы өзекті ақпарат алу мүмкіндігі кеңейтіліп, борышкерлерге қатысты мәліметтерге электронды қолжетімділік қамтамасыз етілді.

Комитеттің дерегінше, жаңа цифрлық шешімдер белсенді қолданылып жатыр. Тек 2025 жылдың өзінде рәсім әкімшілері оңалту және банкроттық рәсімдерінің барысы туралы 3 мыңнан астам өзекті мәлімет жариялаған.

Жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдерін жетілдіру жұмыстары да жалғасуда. Мәселен, Qoldau жүйесінде кредиторларға мемлекеттік кірістер органдарының шешімдерімен келіспеген жағдайда шағымдарды электронды түрде беру мүмкіндігі ұсынылған.

Сондай-ақ комитет банкроттық рәсімдеріне қатысушыларға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Нәтижесінде негізсіз өтініштер саны азайып, азаматтардың мәселелерін қарау мерзімі қысқарған және өзара іс-қимыл тиімділігі артқан.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жүргізіліп жатқан цифрландыру ақпарат алмасу уақытын қысқартуға, қағаз құжат айналымын азайтуға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және банкроттық рәсімдерін барынша ашық әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.