Қазақстандықтар банкомат арқылы 12 триллион теңге шешкен
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан аумағында 2019 жылдың қаңтар-қараша айларында қазақстандық және шетелдік төлем карталарын пайдалана отырып берілген қолма-қол ақша көлемі 14,4 трлн теңгені құрады.
Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 20,6%-ға артық. Алайда ақшаны төлем карталарынан шешіп алу көлемі 71,3%-дан 55,8%-ға дейін азайды.
Елімізде банкоматтан ақшаны ең көп алатын адамдар Алматы тұрады. Олар карталарынан 3,8 трлн теңге шешіп алған. Бұл 2018 жылдың қаңтар-қарашасымен салыстырғанда 31,8%-ға артық. Бұл көрсеткіш бойынша Алматының Қазақстан бойынша үлесі бір жыл ішінде 24,3%-дан 26,6%-ға дейін өскен.
Ақшаны банкоматтан шешу бойынша Нұр-Сұлтан қаласы екінші орында. Елорда тұрғындары биыл 1,6 трлн теңге шешкен, яғни бір жылдағы өсім – 16,9%. Алайда ел астанасының еліміз бойынша үлесі 11,3%-дан 10,9%-ға дейін қысқарды. Бұл тізімнің үшінші орнында Түркістан облысы мен Шымкент қаласы тұр. Ол жердегі тұрғындар банкоматтан 1,4 трлн теңге шешкен, яғни бір жыл ішінде өсім - 32,8%. Облыс пен қаланың Қазақстан бойынша үлесі 8,9%-дан 9,8%-ға дейін өсті.
Айта кетейік, қолма-қол ақшаны төлем карталары арқылы шешіп алу еліміздің барлық өңірінде артқан.
Ақшаны қазақстандық және шетелдік төлем карталары арқылы банкоматтан алу үлесі 85,9% (бір жыл бұрын 85,3% еді) немесе 12,3 трлн теңге болды. Бір жылдағы өсім 21,3%-ды құрады.
Қазақстанда барлығы 10,3 мың банкомат жұмыс істейді. Оның жартысына жуығы (43,1%) Халық банкіне тиесілі. Кейнгі орындарда Kaspi Bank (13,8%) және ForteBank (10,3%) келеді.