24 Қазан 2026, 16:20 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Банк шотыңыздағы деректерді кім көре алады? Қазақстанда жаңа жүйе әзірленіп жатыр

Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің цифрлық инфрақұрылымында деректер витринасын қалыптастыруға, жүргізуге және жаңартуға арналған қаулы жобасын әзірледі. Жаңа тетік қаржы реттеушісіне банктерден қажетті ақпаратты бір қорғалған арна арқылы жедел алуға, қаржы ұйымдарының жағдайын бақылауға және ықтимал тәуекелдерді ертерек анықтауға мүмкіндік бермек. Алайда бастама азаматтардың банк шоттарындағы мәліметтерге кімнің қол жеткізе алатыны туралы сұрақ туғызады. Жаңа жүйе банктік құпияға әсер ете ме және клиенттердің деректері қалай қорғалады? Толығырақ BAQ.KZ материалында.

Агенттік қандай жүйе әзірлеп жатыр?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қаулы жобасы «Банктер және банк қызметі туралы» заңды іске асыру мақсатында әзірленген. Құжатта банктердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының резиденті емес банктер филиалдарының цифрлық инфрақұрылымында деректер витринасын қалыптастыру, жүргізу және жаңарту тәртібін бекіту көзделген. Сонымен қатар қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға осы деректерге қол жеткізу жағдайлары, тәртібі, мерзімдері мен форматтары айқындалады.

Жобаның негізгі мақсаты – екінші деңгейлі банктерден реттеушіге қажетті ақпаратты алу процесін цифрландыру және қаржы ұйымдарын қадағалау үшін маңызды деректерге қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз ету. Агенттік жаңа тетік арқылы стандартталған электрондық мәліметтерді бір қорғалған арнамен алып, жекелеген қаржы ұйымдары мен тұтас қаржы жүйесіне қатысты тәуекелдерді жедел анықтай алады деп күтеді. Бұл тәсіл нақты уақытқа барынша жақын режимде қадағалау жүргізуге, яғни Real Time Supervision мүмкіндігін дамытуға бағытталған, - деп атап өтті агенттіктен.

Ведомствоның түсіндіруінше, деректер витринасы мәліметтердің сапасы мен салыстырмалылығын жақсартуға, сондай-ақ заманауи талдау құралдары мен SupTech технологияларын енгізуге негіз болады. SupTech – қаржылық қадағалау мен реттеу міндеттерін орындауда технологияларды пайдалану тәсілі.

Реттеуші банктердің деректерін қазір де алады

Heartland Group бас директоры, киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы Евгений Питолин бұл бастаманы тәуекелге бағдарланған банктік қадағалауды дамытудың қисынды кезеңі деп бағалайды. Оның пікірінше, реттеушінің қажетті ақпаратты жылдам алуы қаржы ұйымдарының жағдайын жедел бағалауға және ықтимал проблемаларды ертерек анықтауға мүмкіндік береді.

Алайда сарапшының айтуынша, бастаманың мәнін дұрыс түсіну маңызды. Деректер витринасы туралы ақпаратты оқығанда, реттеуші бұрын банктердің ішкі мәліметтеріне қол жеткізе алмағандай немесе клиенттердің құпия ақпаратын жинаудың мүлде жаңа тетігі пайда болғандай әсер қалыптасуы мүмкін. Бірақ бұл толықтай дұрыс түсінік емес.

Агенттік қазірдің өзінде заңнамада белгіленген өкілеттіктері аясында банктік қадағалауға қажетті ақпаратты алуға құқылы. Банктер қаржылық және реттеушілік есептілікті, несие портфеліне, міндеттемелеріне, тәуекелдеріне қатысты мәліметтерді және қаржылық тұрақтылығын бағалауға қажетті басқа да ақпаратты тұрақты түрде ұсынып келеді. Қажет болған жағдайда реттеуші қосымша мәліметтерді, соның ішінде банктік құпияға жататын ақпаратты да сұрата алады.

Менің ойымша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің банктердің цифрлық инфрақұрылымында деректер витринасын құру бастамасы – тәуекелге бағдарланған банктік қадағалауды дамытудың қисынды кезеңі. Бұл реттеушіге қажетті ақпаратты жылдам алуға, қаржы ұйымдарының жағдайын талдауға және ықтимал проблемаларды ертерек анықтауға мүмкіндік береді, – дейді Евгений Питолин.

Оның сөзінше, жаңа тетіктің басты ерекшелігі – реттеушіге ақпарат алудың жаңа құқықтарын беру емес, заңнамада қарастырылған қадағалау мәліметтерін ұсыну тәсілі мен жылдамдығын өзгерту. Ақпаратты алу мен пайдаланудың негізгі құқықтық негіздері сақталады. Ал мәліметтердің нақты тізбесі, форматы және жаңартылу жиілігі нормативтік талаптар арқылы айқындалады.

Банктерден ақпарат алу тәртібі қалай өзгереді?

Қазір банктер мен реттеуші арасындағы ақпарат алмасудың едәуір бөлігі белгіленген есептілік пен жекелеген сұраулар арқылы жүзеге асады. Банк қажетті мәліметтерді дайындап, құжаттар немесе электрондық файлдар түрінде белгіленген тәртіппен жібереді. Агенттікке қосымша ақпарат қажет болса, оны дайындау мен жолдаудың жаңа процесі басталады.

Деректер витринасы бұл жұмысты басқаша ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Банктің цифрлық инфрақұрылымында нақты қадағалау міндеттеріне бейімделген, алдын ала құрылымдалған ақпарат жиынтығы жасалады. Реттеуші белгіленген қағидаларға сәйкес сол мәліметтерге жүгіне алады. Осылайша, әр сұрау сайын ақпаратты қолмен жинап, бөлек файл әзірлеу қажеттілігі азаяды.

Мысалы, несие портфелін талдау кезінде реттеуші мерзімі өткен берешектің өзгерісін, тәуекелдердің шоғырлануын, несие берудің құрылымын және басқа да көрсеткіштерді уақтылы бақылауы қажет. Сенімді ақпарат неғұрлым жылдам түссе, теріс үрдістерді соғұрлым ертерек байқап, тиісті шара қабылдауға болады.

Дәстүрлі есептілік кезінде белгілі бір оқиғаның орын алуы мен оның реттеушіге ұсынылған материалдарда көрініс табуы арасында уақыт өтуі мүмкін. Автоматтандырылған дерек алмасу осы аралықты қысқартуға мүмкіндік береді.

Бұл өзгеріс банктердің өзіне де пайдалы болуы ықтимал. Қызметкерлер бірдей мазмұндағы сұрауларға жауап дайындауға, мәліметтерді қайта-қайта жинауға және файлдарды қолмен жіберуге аз уақыт жұмсайды. Ал Агенттік қаржы жүйесінің жай-күйі туралы өзекті ақпаратты жылдам ала алады.

Деректер витринасы банктің бүкіл жүйесіне жол аша ма?

Жаңа жүйеге қатысты маңызды сұрақтың бірі – реттеушінің банк инфрақұрылымына қандай деңгейде қол жеткізе алатыны. Евгений Питолиннің айтуынша, деректер витринасының құрылуы банк өз жүйесінің барлық бөлігіне бақылаусыз қолжетімділік ашады дегенді білдірмейді.

Деректер витринасы банктің бүкіл ішкі инфрақұрылымына реттеушінің бақылаусыз қол жеткізуіне жол ашады деп түсінбеу керек. Дұрыс іске асырылған жағдайда ақпараттық жүйенің арнайы бөлінген әрі қорғалған бөлігі жасалады. Ол қадағалау органымен өзара ақпарат алмасуға арналған нақты арна ретінде жұмыс істейді, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, деректер витринасы – банктің басқа ақпараттық ресурстары сияқты қорғауды қажет ететін цифрлық актив. Банктер төлем инфрақұрылымын, клиенттер базасын, автоматтандырылған банктік жүйелерді, ішкі деректер қоймаларын және басқа да ақпараттық ресурстарды қорғайды. Сондықтан витринаны енгізу үшін ақпараттық қауіпсіздіктің мүлде жаңа қағидаларын ойлап табу міндетті емес. Ең маңыздысы – оның жұмысын дұрыс ұйымдастырып, қолданыстағы қауіпсіздік жүйесіне енгізу.

Сарапшы мұндай тәсілді қаржы секторындағы қалыптасқан тәжірибемен салыстырады. Банктер Ұлттық банкпен, салық органдарымен және басқа да уәкілетті мемлекеттік құрылымдармен қорғалған арналар арқылы ақпарат алмасады. Деректер витринасы да осындай өзара әрекеттесу тетіктерінің бірі бола алады.

Ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан мұндай жүйеде бірнеше негізгі талап орындалуы қажет. Мәліметтер қорғалған байланыс арналары арқылы шифрланған түрде берілуі керек. Жүйе ақпарат сұрататын тараптың кім екенін тексеріп, оған тек рұқсат етілген деректерге қол жеткізу мүмкіндігін беруі тиіс.

Сонымен қатар ақпаратқа жасалған әрбір сұрау тіркеліп отыруы қажет. Бұл кімнің, қашан және қандай мәлімет алғанын анықтауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, күмәнді әрекеттер мен рұқсатсыз кіру әрекеттерін анықтайтын арнайы қорғаныс құралдары қолданылуы керек. Ал витрина банктің қадағалау мақсатында қолжетімділік қажет емес инфрақұрылымдық бөліктерінен оқшаулануы тиіс.

Осы талаптар сақталғанда, банк ақпарат алмасуға арналған қорғалған тетік қалыптастырып, қолданыстағы технологиялар мен киберқауіпсіздік қағидаларын пайдалана алады.

Ақпараттың қауіпсіздігіне кім жауап береді?

Деректер витринасы арқылы ақпарат алмасу кезінде қауіпсіздікке қойылатын талаптар екі тарапқа да қатысты. Яғни мәліметтерді ұсынатын банк қана емес, оларды қабылдайтын Агенттік те ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Реттеуші қазірдің өзінде банктерден едәуір көлемде құпия ақпарат алады. Оны сақтау мен қорғау заңнамаға сәйкес жүзеге асырылуы керек. Деректерді алудың жаңа тәсілінің енгізілуі банктік құпияны сақтау, дербес деректерді қорғау және қолжетімділігі шектеулі ақпаратпен жұмыс істеу талаптарын жоймайды.

Ақпаратты пайдалану мақсаты да өзгермеуі тиіс: мәліметтер заңмен белгіленген өкілеттіктер аясында қадағалау міндеттерін орындау үшін қолданылады.

Сондықтан деректер витринасының пайда болуы өздігінен банк ақпаратының қорғалуы әлсірейді деген қорытынды жасауға негіз болмайды. Дегенмен сарапшы қауіпсіздік мәселесін тек жүйенің атауына немесе жалпы тұжырымдамасына қарап бағалауға болмайтынын ескертеді. Нақты тетіктің қаншалықты қорғалғаны оның техникалық тұрғыдан дұрыс іске асырылуына және ақпарат алмасуға қатысатын тараптардың белгіленген талаптарды сақтауына байланысты.

Жаңа жүйе киберқауіптерді көбейте ме?

Кез келген жаңа ақпараттық жүйе немесе қолданыстағы жүйелерді өзара біріктіру цифрлық инфрақұрылымға қосымша элементтер енгізеді. Оларды да қорғау қажет. Бұл жағынан алғанда, деректер витринасы банктің өзге ақпараттық ресурстарынан түбегейлі ерекшеленбейді.

Мұндай жүйелерге қатысты рұқсатсыз қол жеткізу әрекеттері, пайдаланушының есептік деректерінің бөгде адамдардың қолына түсуі, техникалық осалдықтарды пайдалану немесе ақпаратпен жұмыс істеу тәртібінің бұзылуы сияқты қауіптер болуы мүмкін.

Алайда бұлар киберқауіпсіздік мамандарына жақсы таныс қатерлер. Олардың алдын алуға, күмәнді белсенділікті анықтауға және ықтимал салдарын шектеуге мүмкіндік беретін тексерілген қорғаныс тетіктері бар.

Екінші жағынан, дұрыс ұйымдастырылған автоматтандыру дәстүрлі ақпарат алмасу кезінде кездесетін кейбір тәуекелдерді азайтуы мүмкін. Қызметкерлер көп көлемдегі файлдарды қолмен дайындап, оларды келісіп, жіберіп, бірнеше көшірмемен жұмыс істегенде адам факторына байланысты қателікке жол берілуі ықтимал. Мысалы, құжатты қате алушыға жіберу немесе құпия мәліметтермен жұмыс істеу тәртібін бұзу қаупі бар.

Ал автоматтандырылған әрі нақты регламентке бағынатын ақпарат алмасу мұндай әрекеттерге тәуелділікті төмендетіп, процестердің ашықтығын арттыруға және қолжетімділікті тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.

Сондықтан Евгений Питолиннің пікірінше, деректер витринасының қауіпсіздігін бағалағанда жаңа жүйенің пайда болуына ғана емес, оның қалай іске асырылғанына назар аудару қажет.

Банк клиенттерінің деректері кімге қолжетімді болады?

Қаржы реттеушісінің деректер витринасына қол жеткізуі азаматтардың жеке қаржылық ақпаратына қатысты сұрақтарды да туындатады. Клиенттер үшін ең маңыздысы – банк шотындағы мәліметтерді кім көре алатыны және олардың қандай мақсатта пайдаланылатыны.

Сарапшының түсіндіруінше, деректер витринасын енгізудің өзі Агенттікке азаматтардың дербес ақпаратын өз қалауынша пайдалануға арналған жаңа өкілеттік бермейді. Реттеуші мәліметтерді заңда көзделген қадағалау міндеттерін орындау үшін алады. Ақпаратты беру шарттары нормативтік талаптармен айқындалады.

Сонымен бірге банктік қадағалауды тек иесіздендірілген статистикалық деректер негізінде жүргізу әрдайым мүмкін бола бермейді. Жекелеген тәуекелдер мен операцияларды талдау үшін неғұрлым егжей-тегжейлі мәліметтер қажет болуы ықтимал. Бірақ ұсынылатын ақпараттың құрамы мен көлемі нақты қадағалау міндеттеріне және заңнамада көзделген негіздерге сәйкес белгіленуге тиіс.

Банк клиенттері үшін ақпараттың өз мақсатына сай пайдаланылуы және деректермен жұмыс істейтін барлық тараптың оларды қорғауға қатысты талаптарды сақтауы принципті маңызға ие, – деп атап өтті Евгений Питолин.

Осы ретте қаулы жобасының өзі қандай нақты деректерге қол жеткізілетінін, ақпараттың әрбір санаты қандай форматта ұсынылатынын және оның қаншалықты жиі жаңартылатынын нормативтік талаптар арқылы айқындауға бағытталған. Сондықтан деректер витринасы туралы бастаманы азаматтардың барлық банк операциялары енді кез келген уақытта қолжетімді болады деген мағынада түсіндіруге болмайды. Нақты қолжетімділік заңнамада белгіленген өкілеттіктерге және бекітілетін тәртіпке байланысты.

«Бұл – ақпарат алмасудың жаңа технологиясы»

Евгений Питолин бастаманы жалпы алғанда оң бағалайды. Оның пікірінше, қазіргі қаржы нарығында реттеуші бұрын болған оқиғаларды талдаумен ғана шектелмей, қалыптасып келе жатқан тәуекелдерді де уақытында байқай алуы керек.

Қазақстанның банк секторы цифрлық технологияларды, автоматтандырылған талдау құралдарын және тәуекелдерді басқарудың күрделі жүйелерін қолданып келеді. Сарапшы мемлекеттік қаржылық қадағалау саласында да осындай құралдардың біртіндеп енгізілуін заңды үдеріс деп санайды.

Деректер витринасын киберқауіпсіздікке төнетін мүлде жаңа қатер ретінде көрсету дұрыс емес. Әңгіме банктер мен реттеуші арасындағы қолданыстағы ақпараттық өзара іс-қимыл тетігін дамыту туралы болып отыр, – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, мұндай жүйенің қауіпсіздігі ақпарат алмасу архитектурасын дұрыс құруға, қолжетімділікті нақты шектеуге, қорғаныс талаптарын орындауға және банктер мен Агенттіктің жауапты мамандары арасындағы өзара жұмысты жолға қоюға байланысты. Жүйенің сапалы іске асырылуы, белгіленген талаптардың сақталуы және қорғаныс деңгейінің тұрақты тексерілуі шешуші рөл атқарады.

Ең бастысы, қадағалау саласындағы өзара іс-қимылдың құқықтық негізі де, банктік ақпаратты қорғау міндеті де сақталатынын түсіну қажет. Өзгеретіні – деректерді ұйымдастыру тәсілі мен оларға қол жеткізу технологиясы. Егер жүйе сауатты іске асырылса, бұл банктер мен олардың клиенттері үшін тәуекелдерді негізсіз арттырмай-ақ, қаржы нарығын реттеудің тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді, – деді Евгений Питолин.