Bank RBK-ден 144 млрд жымқырған Жомарт Ертаев 11 жылға сотталуы мүмкін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Айыптаушы тарап экс-банкир Жомарт Ертаевқа 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрады.
Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Алмалы аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ертаев өз кінәсін мойындап, қылмыстық істі тергеуде атсалысқан, келтірілген шығынды ішінара өтеген, әрі кәмелет жасқа толмаған балалары бар. Осы жайттарды ескере отырып, айыптаушы жақ оған 11 жыл беруді сұрады.
Прокурор Ертаевтың мүлкін тәркілей отырып, материалдық жауапкершілікке байланысты коммерциялық және қаржылық қызметпен 5 жыл айналысуға тыйым салып, қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 11 жыл бас бостандығынан айыру туралы жаза беруді сұрады, - делінген аудандық соттың хабарламасында.
Экс-банкирден бөлек қылмыстық іске 36 адамның қатысы бар. Прокурор ескіру мерзімі өтіп кеткендіктен, екі сотталушыға қатысты қылмыстық тергеуді тоқтатуды сұрады, сондай-ақ бір сотталушы қайтыс болғандықтан, оған қатысты қылмыстық істі тоқтатуды өтінді.
Сонымен қатар, айыптаушы тарап 4 сотталушыға бір жылдан бас бостандығынан айыру, ал қалғандарына 1 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын беру ұсынды.
Айта кетейік, Жомарт Ертаев Bank RBK-ге тиесілі 144 млрд теңгені ұрлады деп айыпталуда. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, қызметтік лауазымын пайдаланған ол 2011 жылдан 2017 жылға дейін аталмыш соманы жымқырып келген.