"Банк қызметкері" қарағандылық зейнеткерді тақырға отырғызды

Қарағандылық 77 жастағы зейнеткер телефон арқылы өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтарға алданып, 22 миллион теңгесінен айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қарағанды облысында аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі тіркелді. Қала тұрғынына белгісіз нөмірден қоңырау шалған ер адам өзін банк қауіпсіздік қызметінің өкілімін деп таныстырып, зейнеткерді шотындағы қаражатқа қауіп төніп тұрғанына сендірген.

Қорқыту мен алдау арқылы күдіктілер әйелді бірнеше күн бойы банктен ақша шешіп, арнайы "қорғау шотына" аударуға көндірген. Осылайша 77 жастағы зейнеткердің жалпы 22 миллион теңгесі қолды болды.

Зейнеткер бастапқыда өзіне алаяқтық жасалғанына сенбеген, тек полицейлермен ұзақ әңгімелескеннен кейін ғана қылмыстың құрбаны болғанын түсінген.

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Алматы қаласында 1993 және 1997 жылы туған екі азамат ұсталды. Олардың екеуі де шетел азаматтары екені анықталды.

Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі (Аса ірі көлемде жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тінту барысында күдіктілерден жалпы сомасы 22 миллион теңге тәркіленді. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілердің басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, - дейді Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Қарағанды облысының полициясы азаматтарға сақ болуды ескертеді.

  • Жеке және банк деректеріңізді бөгде адамдарға жария етпеңіз.
  • Телефон арқылы келген нұсқаулар бойынша ешқашан ақша аудармаңыз.
  • Есіңізде болсын! Ешбір банк не полиция қызметкері сізден телефон арқылы ақша талап етпейді және құпия ақпарат жинамайды.

Күмәнді қоңырау немесе хабарлама алған жағдайда бірден 102 нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарласыңыз.

Еске салайық, бұған дейін Роза Рымбаева алаяқтарға қатысты үндеу жасаған болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы