Бангладештегі босқындар лагерінде көшкіннен сегіз бала қаза тапты
Қазіргі уақытта жергілікті билік көшкін қаупі сақталған қауіпті аймақтардан тұрғындарды қауіпсіз жерлерге эвакуациялап жатыр.
Бангладештің оңтүстік-шығысындағы рохинджа босқындар лагерінде нөсер жаңбырдан кейін болған көшкін салдарынан сегіз бала көз жұмып, тағы бес бала жарақат алды. Бұл туралы Reuters агенттігі жергілікті билік өкілдеріне сілтеме жасап хабарлады.
Бірнеше күнге созылған толассыз жауыннан кейін болған көшкін мектеп ғимаратын балшық пен үйінді астында қалдырған. Құтқарушылар үйінді астынан 13 баланы алып шыққанымен, олардың сегізін аман алып қалу мүмкін болмаған. Зардап шеккен бес бала ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілуде.
Мәліметке сәйкес, лагерьдегі босқындардың басым бөлігі жыл сайын муссон маусымында көшкін қаупі жоғары болатын ормансыз тік беткейлерде орналасқан уақытша бамбук пен брезенттен жасалған баспаналарда тұрады.
Қазіргі уақытта жергілікті билік көшкін қаупі сақталған қауіпті аймақтардан тұрғындарды қауіпсіз жерлерге эвакуациялап жатыр.