Бангладеште қызылша өршіп, бір айда 100 бала көз жұмды
15 наурыздан бері Бангладеште 7500-ден астам қызылша дерегі тіркелген.
Бангладеш елінде қызылша ауруының күрт өршуіне байланысты шұғыл вакцинация науқаны басталды. Соңғы үш апта ішінде 100-ден астам адам, негізінен балалар, қайтыс болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
BBC мәліметінше, 15 наурыздан бері елде 7500-ден астам қызылша дерегі тіркелген. Ал 2025 жылдың бүкіл кезеңінде небәрі 125 жағдай ғана анықталған еді.
Денсаулық сақтау жүйесі бойынша, Бангладеште балаларға қызылшаға қарсы жоспарлы вакцина 9 айлық жастан бастап салынады. Бұдан бөлек, әр төрт жыл сайын қосымша иммундау науқандары өткізіліп тұрады. Алайда соңғы жылдары мұндай кампаниялар жүргізілмеген.
Денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары Шахриар Саджад айтуынша, науқастардың шамамен үштен бірі 9 айға толмаған сәбилер.
Ал ЮНИСЕФ ұйымының Бангладештегі өкілі Рана Флауэрс бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді. Оның сөзінше, 2020 жылдан бері вакцинация науқандары жүргізілмеген. Бұған алдымен COVID-19 пандемиясы, кейін елдегі саяси жағдай әсер еткен.
2024 жылы елде жаппай наразылықтардан кейін премьер-министр Шейх Хасина биліктен кеткен. Кейін уақытша үкімет құрылып, тек биыл ақпанда жаңа үкімет сайланды. Вакцина тапшылығына жауапкершілік сол уақытша билікке жүктеліп отыр.
ЮНИСЕФ мәлімдеуінше, Бангладеште иммундау деңгейі дәстүрлі түрде жоғары болғанымен, аз ғана үзілістің өзі халықтың иммунитетінде үлкен олқылықтарға әкелуі мүмкін.