13 Шілде 2026, 04:27 Фото: REUTERS/Chalinee Thirasupa

Бангкокта пабтағы өрттен 27 адам қаза тауып, 63 адам жарақат алды

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.

Таиланд астанасы Бангкоктағы танымал пабта болған өрт салдарынан 27 адам қаза тауып, 63 адам жарақат алды. Оның ішінде 22 адамның жағдайы ауыр екені хабарланды.

Reuters-тің хабарлауынша, өрт жексенбі күні түнде Чатучак ауданындағы ойын-сауық мекемесінде шыққан. Куәгерлердің айтуынша, өрт басталғаннан кейін ғимаратты қою түтін тез арада басып қалған. Көптеген келуші дәретханалар орналасқан артқы бөлікке қарай жүгіргенімен, ол жерде эвакуациялық шығу жолы болмаған.

Бангкок губернаторы Чадчарт Ситтипунттың айтуынша, жараланғандардың 22-сі ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.

Өрт сөндірушілердің айтуынша, жалын аса ауқымды болмағанымен, ғимарат қысқа уақыт ішінде түтінге толып кеткен. Соның салдарынан келушілердің көпшілігі түтінге тұншығып қалған.

Оқиға орнында криминалистер мен құтқарушылар жұмысын жалғастырып жатыр. Тергеу барысында жарылыс пен өрттің шығу себептері анықталмақ.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің алдында мекеме ішінде қою түтін пайда болып, артынша күшті жарылыс болған.