27 Қыркүйек 2026, 04:49 Фото: nationthailand.com

Бангкок су тасқыны қаупіне байланысты апатты аймақ деп жарияланды

Ұзаққа созылған жаңбыр мен нөсер 27 қыркүйекте Таиландтың бүкіл аумағында жалғасады.

Таиланд астанасы Бангкокта 48 сағат ішінде 30 сантиметрден астам жауын-шашын түсіп, қаланың басым бөлігін су басуына байланысты апатты аймақ деп жарияланды.

Бұл туралы The Nation хабарлады.

Су тасқынынан 21 провинцияда 84 мыңнан астам адам зардап шекті. Әсіресе елдің орталық өңірлері қатты зардап шеккен.

Бангкокта көшелерді су басуына байланысты көптеген кәсіпорындар жұмысын тоқтатты. Супермаркеттерде азық-түлік сатып алып жатқан халықтың қарасы көбейді.

Бангкок губернаторы Чадчарт Ситтипунт табиғи апат адам өміріне қауіп төндіріп, мемлекеттік және жеке меншік нысандарға зиян келтіруі мүмкін екенін ескертті. Оның айтуынша, қала билігі тасқын суды барынша тез бұру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Таиланд армиясы қала бойынша 200-ден астам уақытша баспана дайындады.

Таиландтың Метеорологиялық басқармасы ұзаққа созылған жаңбыр мен нөсер 27 қыркүйекте елдің бүкіл аумағында жалғасатынын хабарлады.

Тұрғындарға су тасқыны болуы мүмкін екенін ескеріп, әсіресе тау бөктеріндегі аудандарда, су айдындарына жақын жерлерде және ойпаң жерлерде сақ болу ескертілді. Туристерге су басуы мүмкін бағыттарға бармауға кеңес берілді.

Таиланд шығанағының жоғарғы бөлігінде және Андаман теңізінде толқын биіктігі 2-3 метрге жетеді, ал найзағайлы дауыл кезінде 3 метрден асуы мүмкін.

Хабарланғандай, Бангкок әуежайларындағы рейстер қатты жаңбырға қарамастан орындалып жатыр. Сонымен қатар көлік қызметтері су тасқынының салдарын жою үшін қосымша қызметкерлер мен техниканы жұмылдырды.