27 Қазан 2026, 19:44 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Банан бағасы қымбаттайды: Халықаралық сарапшы дабыл қақты

Әлемде банан айтарлықтай қымбаттауы мүмкін – негізгі себептер аталды.

Бүкіл әлемде банан бағасы өсуі ықтимал. Бұл туралы Chiquita Brands International тамақ өнімдері дистрибьюторының бас директоры Карлос Лопес-Флорес айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Bloomberg-ге сілтеме жасап.

Лопес-Флорестің мәлімдеуінше, банан өсіру едәуір қымбаттап, қиындай түскен.

Оның айтуынша, 2027 жылы бұл жемістің сатылымы төмендеп, құны айтарлықтай өседі. Бұл соңғы бірнеше онжылдықтағы ең қиын жыл болмақ.

«2026 жылдың соңы мен келесі жылдың басы индустрия үшін өте күрделі кезең болады деп күтеміз», – деді Карлос Лопес-Флорес.

Бұған ауа райы жағдайлары мен халықаралық саяси ахуал әсер етіп отыр.

Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдар отынға, тыңайтқыштарға және қаптамаға жұмсалатын шығындардың өсуіне түрткі болды.

Бұдан бөлек, сарапшы банан саласы Эль-Ниньо климаттық құбылысынан зардап шегуі мүмкін екенін атап өтті. Қуаңшылық салдарынан Панама каналындағы су деңгейі төмендеуі ықтимал.