Балық шаруашылығына серпін: Кәсіпкерлерге 5%-бен несие ұсынылады
Нысандар іске қосылғаннан кейін жыл сайын 30 мың тонна балық жемі, 14 мың тонна тауарлы балық өндіріледі.
Қазақстанда аквашаруашылық саласы соңғы жылдары агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бағытына айналып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
60 млрд теңгелік инвестиция: салаға жаңа серпін
Комитет төрағасының айтуынша, бүгінде аквашаруашылық саласындағы инвестициялық жобалардың жалпы құны 60 млрд теңгені құрайды. Бұл бастамалар іске асқан жағдайда саладағы өндірістік әлеует айтарлықтай күшейеді.
Жаңа өндірістік нысандар іске қосылғаннан кейін жыл сайын 30 мың тонна балық жемі, 14 мың тонна тауарлы балық өндіріледі деп күтілуде.
Бұл көрсеткіштер Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін де арттыруға мүмкіндік береді, - дейді министрлік.
700 шаруашылық: сала 2,5 есеге өсті
Серік Сермағамбетовтің сөзінше, саладағы өсім 2021 жылдан бері айқын байқалады. Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының нәтижесінде шаруашылықтар саны 2,5 еседен астам өсіп, 700-ге жуық нысанға жетті.
Өндіріс көлемі де айтарлықтай артқан.
2021 жылы - 9 мың тонна болса, бүгінде - 26 мың тоннаға дейін. Бұл – саланың жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсететін негізгі индикаторлардың бірі.
2021–2025 жылдары аквашаруашылық бағытында жалпы құны 26 млрд теңге болатын 95 инвестициялық жоба жүзеге асырылған.
Аталған жобалардың нәтижесінде өндірістік қуат 20 мың тоннадан асып, шамамен 1200 жаңа жұмыс орны ашылды, - деп атап өтті ол.
Қандай қолдау көрсетіледі?
Саланың дамуына серпін беріп отырған негізгі факторлардың бірі – «Аквашаруашылық туралы» заң аясындағы мемлекеттік қолдау шаралары.
Енді жем шығындарының 30%-ы субсидияланады, балық шабағы, дәрі-дәрмек, аналық қор шығындарының 50%-ы өтеледі, инвестициялық жобалар (зауыттар, тоғандар, тұйық су жүйелері) бойынша шығындардың 25%-ы жабылады және ұңғыма бұрғылау шығындарының 50%-ы өтеледі.
Бұл механизмдер кәсіпкерлер үшін саланы тартымды етіп отыр.
Арзан несие: жаңа мүмкіндік
2024–2025 жылдары аквашаруашылықтағы 10 кәсіпкерлік нысан жалпы 5,7 млрд теңге көлемінде несие алған. Ал 2026 жылы жаңа қаржылық құрал іске қосылмақ.
Енді айналым қаражатына 5% мөлшерлемемен 18 айға дейін, инвестициялық жобаларға - 6% мөлшерлемемен несие беріледі.
Бұл бастама салаға қосымша инвестиция тартуға ықпал етеді.