Балық экспортына уақытша тыйым салынады
Министр Ерлан Нысанбаев «Өңделмеген балықтың жекелеген түрлерін Қазақстан Республикасының аумағынан шығаруға тыйым салуды енгізу туралы» бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шектеу бесінші ақпаннан бесінші тамызға дейін жалғасады.
Былтыр да көксерке мен жайын балығын 6 ай мерзімге сыртқа шығаруға тыйым салынған. Кейін оның экономикалық тиімділігіне талдау жасалды. Нәтижесінде дайын балық өнімдері өндірісінің өскені және жұмыс орындарының саны артқаны белгілі болды.
Өңделмеген балық экспортына шектеулер енгізу елдің балық шаруашылығына қажет су айдындарының балық ресурстарын сақтауға және орнықты пайдалануға себеп болады. Сондай-ақ қосылған құны жоғары терең өңделген балық өнімдері өндірісі көлемінің өсуіне ықпал етеді, - деп атап өтті ҚР ЭТРМ балық шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы Ерасыл Суықбаев.
Министрлік толық тыйымды 2025 жылы салмақшы. Оған дейін дайын өңделген балық өнімдерінің экспорты біртіндеп ұлғайтылады.